Басты Жаңалықтар Неміс автоконцерні төрт зауытты жабуды жоспарлап отыр

Неміс автоконцерні төрт зауытты жабуды жоспарлап отыр

Қытай тарапынан бәсекелестіктің күшеюі Еуропада автомобиль өндірушілердің жағдайын қиындатып отыр. Бір Volkswagen концернінің өзінде төрт зауыт жабылуға жақын. Соның салдарынан ондаған мың адам жұмыстан қысқармақ. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

«Қысқарту емес, болашақ маңызды!». Дәл осындай ұранмен Германияда ауқымды шеру өтті. Қарсылық акцияларына 175 мыңдай адам қатысты. Audi компаниясының жұмысшылары қысқартуларға ғана емес, кейбір зауыттардың жабылуына да наразылық білдіріп жатыр.

Пеллегрино Бенфари, жұмысшы:

Мен Audi компаниясында 30 жылдан бері жұмыс істеймін. Мұнда тәжірибеден өтіп, қазір осында еңбек етіп жүрген екі балам бар. Олардың бірі үйленді, ұл-қыз өсіріп отыр. Үлкен отбасы болғысы келеді. Ал зауытымыздың жағдайы – өте ауыр.

Өткен жылдың өзінде Германия үшін негізгі саналатын автомобиль өндірісінде 50 мыңдай адам жұмыстан қысқартылған. Ал Volkswagen компаниясына келсек, оның төрт зауыты жабылуға жақын. Сондықтан таяу жылдары тағы 25 мыңдай адам жұмыссыз қалмақ. Volkswagen, Audi, Škoda, Bentley, Lamborghini, Porsche, Jetta, Scania, MAN тәрізді маркаларды шығаратын Volkswagen мұндай жағдайға қалай жетті?

Штефан Братцель, автосарапшы және автомобильді басқару орталығының директоры:

Меніңше, Volkswagen-нің үлкен қателігі – оның электромобильдер мен бағдарламалық бағыттағы машиналардың болашағын дұрыс қабылдамауында жатыр. Сонымен қатар, бұл концерн Қытайдағы бәсекелестерінің мүмкіндіктері мен жаңа заман мобильдік технологиясының дамуын жөнді бағаламаған тәрізді.

Германияның автомобиль өнеркәсібінің дағдарысқа ұшырағанына үш жылға жақындап қалды. Бұған Қытай тарапынан бәсекелестіктің күшеюімен бірге Трамп әкімшілігінің еуропалық өнімдерге тарифті көтеруі және энергия құнының өсуі тәрізді факторлар да себепші.

Айта кетсек, Британияның люкстік көлік шығаратын «Ягуары» да алдағы екі жылда әлем бойынша штатын 4 мың адамға азайтуды жоспарлап отыр.


Бөлісу