PISA-2025: Сандар сөйлейді, нәтиже не дейді?
PISA-2025 нәтижесі шықты. Көрсеткіш қуантарлық емес дейді сала мамандары. Оған бірнеше фактор әсер еткен. Гаджетке тәуелділік, ата-ананың балаға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі, одан соң әрине, білім беру тәсілі. Нәтижені қалай жақсартамыз? Ақниет Балтанова айтсын.
Ақниет Балтанова, тілші:
Елімізде әр 10 баланың алтауы мәтінді зуылдатып оқығанымен, оның мазмұнын толық түсініп, алған білімін өмірде қолдана алмайды. 2025 жылы жүргізілген PISA халықаралық зерттеуінің нәтижесі осындай. Бұл алаңдатарлық көрсеткіш пе? Білім саласының сақа сарапшылары не дейді?
PISA зерттеуі – оқушылардың ақпаратты түсінуін, талдай алуын, қалай қорытынды жасайтынын бағалайды. Былтыр Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 643 мектепте 15 жастағы 22 мыңнан аса жасөспірім тест тапсырды. Сынақ кезеңін шетелден арнайы маман келіп, қадағалады. Нәтижесінде оқу сауаттылығынан – 385, математикадан – 414, ал жаратылыстану пәні бойынша – 420 балл берді.
Лаура Вайгорова, білім беру орталығының директоры:
Қазақстанда ол көрсеткіш 385 балл, әлем бойынша 461 балл. Сонымен қатар ол көрсеткіш біз үшін өте төмен. Осы мәселенің 2 себебі бар. Біріншісі ол пандемия, ковид. Сол локдаун кезінде бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде осындай проблема шықты. Балаларымыз менің ойымша, өте қабілетті. Бірақ отбасында ата-аналары баламен 1,2,3 сыныптан емес, туған кезде, содан бастап жұмыс істеуі керек.
Иә оқушының зейінін арттырып, қабілетін дамыту ең алдымен отбасынан басталады. Үйде баламен жиі сөйлесіп, «Күнің қалай өтті?», «Бұл фильм саған несімен ұнады?», «Осы суретті неге салдың?» деген қарапайым сұрақтың өзі оның сыни ойлау дағдысын дамытады. Телефонға телміртпей, қимыл-қозғалысын арттыру да маңызды. Ал баланың әлеуетін толық ашуда сапалы білім мен мұғалімнің кәсіби біліктілігі шешуші рөл атқарады.
Айдос Жұманазар, білім саласының сарапшысы:
Бағалау жүйесінде жақсы оқитын оқушылардың 5-6-мен ғана жұмыс жасалады да, қалғандары қалып қоя береді. Бізде бірнеше жылдан бері, бұны тіпті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтып кетті. Сынады. Түркістан облысын сынға алды. Дәл осы Түркістан облысы айналып келген кезде PISA - дан да төмен нәтиже көрсетіп отыр. Бұл жерде бірінші кезекте Түркістан облысында халық саны көп. Бірақ халық саны көп деп жаба алмаймыз. Халық саны көп бірақ жаңағы бірінші орында тұрған Қытайдан халық саны көп емес. Бұл жерде мен қарапайым бір ұсыныс ұсынар едім, Түркістан облысының педагогтерін өзінің пәні бойынша қайта даярлаудан өткізу керек.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда емтихандарды білім беретін ұйымдардың өзі өткізеді. Бұл бағалаудың объективтілігіне күмән тудыруы мүмкін. Сондықтан ол Оқу-ағарту министрлігіне тәуелсіз, бірыңғай бағалау ұйымын құруды ұсынды. Ал ведомство зерттеу нәтижелері енді ғана жарияланғанын айтып, толық талдау аяқталған соң нақты ұсыныстар әзірлейтінін мәлімдеді.
Әсел Қамбатырова, «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Негізінен қазіргі таңда біз PISA 2025 нәтижелеріне талдау жүргізіп жатырмыз. Экономикалық ынтамақтастық және даму ұйымы талдамалық есептерді әлі толық жариялаған жоқ. Сондықтан барлық материалдар жарияланғаннан кейін біз осы, неғұрлым терең талдау жүргізіп, білім беру сапасына жауапты басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдармен бірлесіп, толық әрі нақты ұсынымдар әзерлейтін боламыз.
PISA нәтижесі білім сапасын арттыруда «бала – ата-ана – мұғалім» үштігінің бірлесе жұмыс істеуі маңызды екенін көрсетті. Зерттеу әр үш жыл сайын жарияланады. Демек, алдағы үш жылда еткен еңбекте кеткен кемшілікті түзеп, жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы