Басты Жаңалықтар Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды

Азия ойындарының жеңімпаздары елге оралды

Бүгін таңда Азия ойындарының аралас жекпе-жектен жүлдегерлері елге оралды. Қазақстан қоржынына екі алтын және бір қола медаль салған Еркінғали Бүркіталин, Қадырбек Шынбаев пен Санжар Әділовті Алматы халықаралық әуежайынан жанкүйерлері мен жақындары ерекше ықыласпен қарсы алды. Спортшылар қолдаушыларға алғысын білдіріп, жарыстағы әсерін және алдағы жоспарын айтты.

Спортшылар күту залына кірген сәтте қошемет күшейе түсті. Қолдарына гүл мен көк байрақ ұстаған жанкүйерлер жеңімпаздарға ақжолтай тілегін айтып, иықтарына шапан жапты.

Қадырбек Шынбаев, Азия ойындарының чемпионы:

Алғысымды айтқым келеді. ММА бірінші рет Азия ойындарына кіріп отыр. Жарыс жоғары дәрежеде өтті. Қобалжу, жауапкершілік  болды. Қазақ елі күтіп отырды.

Құрамаға екі алтын мен бір қола әкелген спортшылар үшін әр жекпе-жек оңай болған жоқ. Қарсыластың әрқайсысы бөлек тактиканы талап етті. Ұзақ дайындық пен бапкерлер еңбегі сын сағатта өз нәтижесін берді.

Еркінғали Бүркіталин, Азия ойындарының чемпионы:

Әр жекпе-жектің өзінің қиындығы бар ғой. Әр қарсыластың стилі бар. Дайындықта әр жекпе-жекке тактикалық түрде келдік. Барлығы ойдан шықты деп ойлаймын.

Жанкүйерлер спортшылардың бұл жетістігі жаңа жеңістерге жол ашсын деп тілегін жеткізді. Ал чемпиондар мен жүлдегер үшін қысқа демалыстан кейін кезекті дайындық басталмақ.

Санжар Әділов, Азия ойындарының қола жүлдегері:

Өзім кәсіпқой спортшы болғаннан кейін екі жақты да қатар алып жүрмін. Әуесқой мен кәсіпқой спортты. Алдағы жоспарым, түпкі мақсатым - UFС-ге бару. Ел намысын сол жақта қорғау.

Осылайша аралас жекпе-жектен сынға түскен спортшылар елге олжалы оралды. Азия ойындарындағы бұл нәтиже жас спортшыларға да жігер беріп, аралас жекпе-жекке деген қызығушылығын арттыра түспек.

Бөлісу