Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа байланыс күшеймек
Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы медиа ынтымақтастықты дамыту және жасанды интеллектіні ақпарат саласында тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге журналистер, медиа сарапшылар, ғалымдар және цифрлық технология саласының мамандары қатысты.
Кездесуде жасанды интеллектінің журналистикадағы мүмкіндіктері сөз болды. Атап айтқанда, жаңалықтарды қазақ, орыс және қытай тілдеріне жедел аудару әрі ақпарат алмасу, инфографика мен қысқа бейнероликтер әзірлеу мәселелері көтерілді. Қатысушылардың айтуынша, жасанды интеллект журналистің орнын баспайды. Керісінше, ақпарат жинау, деректерді өңдеу және мәтін жазу сияқты күнделікті жұмысты жеңілдетеді. Көрші елдің мамандары, еліміздің бірнеше телеарнасымен ортақ меморандумға отырғаннан кейін, деректі фильмдер мен бадарламаларды бірлесіп түсіру бойынша жұмыстың қыза түскенін айтты. Сондай-ақ, қос ел әлеуметтік желілердегі ортақ жобаларды да дамытып келеді. Мәселен Қытай тарапы биыл «Дамир-чжан» шығармашылық студиясын құрып, «Көрікті Шыңжаң», «Қытайға назар» сияқты авторлық бағдарламаларды іске қосыпты. Алдағы уақытта экономика және сауда, ғылым мен технология, мәдениет пен туризм бағытында бірлескен жобаларды іске асыруды көздеп отыр.
Бүгінгі дөңгелек үстелде пікір алмасу өте мазмұнды өтті. Қазіргі уақытта Қытай Журналистер қауымдастығы Қазақстан Журналистер одағымен тығыз байланыс орнатқан. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа да журналистік ұйымдарымен және салалық қауымдастықтарымен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Бұл екі елдің БАҚ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы