Басты Жаңалықтар Бурабайда тау туризмі дамып келеді

Бурабайда тау туризмі дамып келеді

Бурабайда тау туризмі соңғы жылдары белсенді демалыс пен экологиялық трендтердің арқасында жаңа қарқынмен дамып келеді. Жыл сайын курортты аймаққа келетін туристер саны артып, бүгінде бір жарым миллионға жетті. Өңірдегі таулар аса биік болмаса да, олардың ерекше рельефі мен пішіндері туристер үшін тартымды. Сондықтан таулардың шыңдары мен бөктерлері бүгінде заманауи стильде абаттандырылып, инфрақұрылымы дамып келеді. Мәселен, биіктігі небары 147 метр болатын Бөлектау – туристер ең көп көтерілетін таудың бірі. Оған шығу үшін арнайы баспалдақтар орнатылып, бақылау алаңы жабдықталды. Нәтижесінде тауға 15-20 минутта оңай, әрі жылдам көтерілуге болады. Оның ұшарбасынан Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерін, Жұмбақтас пен Оқжетпесті анық көруге болады. Бүгінде Бурабайда осындай 7 шолу алаңы заманауи стильде жабдықталған. Таулы-орманды аймақтарда туристер адасып кеткен жағдайда оларға жол сілтейтін  SOS батырмалары орнатылған.

Әдемі Мәдениет, турист:

Екі жыл бұрын келгенбіз. Ол кезде мұндай көру алаңдары, келушілерге арналған жолдар аз болған. Тіпті, Бөлектауға жаяу шыққан кезде баламен кішкене қиыншылықтар туған болатын. Бірақ осы жолы көріп тұрғанымыздай, әртүрлі жолдар салыныпты, келушілерге жақсы жағдайлар жасалынған.


Бөлісу