Басты Жаңалықтар Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа институттың елдің саяси жүйесінде айрықша орын алатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі – елдегі түйткілдерді ашық талқылап, азаматтардың ұсыныстарын сараптап, нақты шешімдер ұсынатын конституциялық мәртебесі бар консультативтік институт. Оның құрылуы қоғамдық диалогты дамытып, түрлі әлеуметтік топтарды ортақ мүдде төңірегіне біріктіруге бағытталған. Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің құрылуы еліміздегі саяси жүйені жаңғыртудың бір бағыты екенін айтты. Оның атауындағы «Халық» сөзі мемлекеттік биліктің бастауы әрі егемендік иесі – халық екенін білдіреді. Мемлекет басшысы бұған дейін елдік мәселелерді талқылауға Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және Ұлттық Құрылтай сияқты институттар атсалысқанын атап өтті. Соның ішінде Ұлттық Құрылтай аясында көтерілген бастамалардың нәтижесінде 26 заң қабылданып, тағы 10 заң жобасы қаралатынын жеткізді. Енді осы үш бірдей бірлестіктің жұмысын Халық кеңесі жалғастырады.


Бөлісу