Басты Жаңалықтар БҚО-да 293 шақырым тасжол жөнделіп жатыр

БҚО-да 293 шақырым тасжол жөнделіп жатыр

Батыс Қазақстан облысында 293 шақырым тасжол жөнделіп жатыр. Әсіресе, республикалық жолдарда құрылыс қарқын алды. Мемлекет басшысы облысаралық жолдармен қатар, шалғайдағы ауылішілік көшелерді реттеуді де тапсырған болатын. Бұдан былай мердігерлерге де жауапкершілік пен талап күшеймек.

Тайпақ ауылында бес көшенің үш шақырым жолы үш жылдан бері салынып бітпей жатыр. Мердігер мекеме өз ісіне салғырт қарап, ақыры келісімшарт бұзылған. Енді жөндеу жұмыстары екінші кәсіпорынға берілді.

Қыдырбай Жапаров, Тайпақ ауылының тұрғыны:

Бұл – негізі 2023 жылы басталған жол. Жобасы 2021-де әзір болған. Бірақ 2023-те бастады, содан бері қарай 3 шақырым жол әлі біткен жоқ. Кімнің жауапсыздығы? Кімнің немқұрайлығы? Осының шешімі табылса. Үш километр жол үш жылда бітпейді деген масқара ғой.

Енді Үкімет ісі мардымсыз мердігерлермен мәймөңкелеп отырмайды. Президент бақылау мен жазаны күшейтуді тапсырды. Мәселен, аймақта «ҚазАвтоЖол» мекемесінің тапсырысын талапқа сай атқармаған компания сотқа берілді.

Шыңғысхан Қасымханов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

Чапаев-Жалпақтал-Казталовка жолының 17-ші шақырымында бірінші мердігер мекеме ұтып алып, өз жұмысын келісімшарт бойынша орындамағаны үшін ол компаниямен соттасып, 3 жылға «қара тізімге» қосып, екінші орында тұрған компанияға жұмыстар өткізілді. Қазіргі уақытта жолға жөндеу жасалып жатыр.

Қазір «ҚазАвтоЖол» кәсіпорны республикалық тасжолдардың 236 шақырымын жөндеп жатыр. Әсіресе, жұрт жол апаты жиі тіркеліп, жағдайы сын көтермейтін Атырау бағытындағы жолдың тегістелеріне дән риза.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

«Орал-Атырау» тасжолын жөндеу басталмас бұрын Үлкен Шаған ауылында асфальт-бетон зауыты салынды. Мұнда сағатына 175 тонна асфальт өндіріледі. Жергілікті өнім жұмыс уақытын үнемдеп, логистикалық шығындарды қысқартады.

Зауыттан шыққан ыстық асфальт сол күйі бірден жүк көлігіне тиеліп, межелі жерге жеткізіледі. Жұмысшылар арнайы техникамен қатқыл табанды жолдың екінші қабатын төсеп жатыр.

Темірлан Асқаров, жол-құрылыс компаниясы директорының көмекшісі:

Жұмыс 70%-ға аяқталды. Қазір төменгі қабатты асфальт толық салынып бітті. Үстіңгі қабат асфальт 50 шақырымдай қалды. 90-ға жуық арнайы техника мен жүк көліктері, 100-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.

Құрылыс түнде де тоқтамайды. Қызметкерлер екі ауысымда еңбек етеді. Жол жиегі де реттеледі. Жалпы ұзындығы 180 шақырым болатын тасжолда 18 аялдама, тынығу алаңы салынады.

Ал Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылының жол мәселесі жақын күндері шешілуі тиіс.

Айбек Замеров, Ақжайық аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

«Орда жолдары» мердігер мекемесі сол жұмыстарды бастаған болатын. Мекеменің өз себептеріне байланысты жол тұрып қалды. Сот рәсімдері өтті. Бұл мекемеге тиісті шаралар қабылданды. Барлығы 5 көше, үш шақырым. Соның енді бүгінгі күнге 4 көшесі аяқталып тұр. Бір көшесін әлі де жасап жатыр. 1-2 күнде бітуі тиіс.

Жалпы биыл өңірде 18 шақырым ауылішілік жол жөнделеді. Ал 32 млрд теңге қаражат бөлінген республикалық жолдардағы бес жоба қазан айында тапсырылады.


Бөлісу