Азиада: Ел қоржынына 8 жүлде түсті
Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының кезекті күнінде ел қоржынына 6 жүлде түсті. Оның біреуі алтын, төртеуі күміс және біреуі қола. Ең көп медальді ескек есу шеберлер жеңіп алды. Сары құрлық бәсекесінің ең жарқын сәттеріне Нагояда жүрген әріптесім Асылбек Данияр шолу жасайды.
Асылбек Данияр, тілші:
Академиялық ескек есуден Қазақстан Азия ойындарында тұңғыш алтын медальға ие болды. Тарихи жүлдені Владислав Яковлев пен Иван Чернухин сыйлады. Жігіттер рульсіз қос қайық бәсекесінде қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.
Қазақстандық экипаждар финалда барын салды. Алғашқы 500 метрде төрінші болды. Мәре жақындаған сайын жылдамдықты арттырып, басты қарсыластары Қытай құрамасын 2,09 секундқа басып озды. Осылайша, Жапонияда еліміздің Әнұраны 8-ші рет шырқалды.
Иван Чернухин, академиялық ескек есуден Азия ойындарының чемпионы:
Бұл менің бірінші Азия ойындарым. Өте сәтті, әрі нәтижелі өтті деп есептеймін. Біз өзіміздің діттеген мақсатымызға жеттік. Оған қасымдағы командаласымның мол тәжірибесі әсер еткенін ерекше атап өткім келеді. Ол маған барынша көмектесіп, кеңесін айтты.
Сондай-ақ бүгін каноэ мен байдарка есуден жұптық сында қыздар құрамасы күміс еншілесе, ерлер қолаға қол созды. Сондай-ақ ушудан Абдурашид Абдуллаев финалда Иран өкілінен жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек, 19 жастағы семсерлесуші Кирилл Проходов жекелей сында екінші орыннан көрінді. Ол шешуші кезеңде жарыс қожайыны, Олимпиада чемпионы Коки Канодан 13:15 есебімен жеңілді.
Спорттық гимнастикадан Миллад Карими араға 32 жыл салып ел қоржынына Азия ойындарының күмісін сыйлады. Бұл Миладтың сары құрлық додасындағы алғашқы жүлдесі.
Милад Карими, спорттық гимнастикадан Азия ойындарының күміс жүлдегері:
Екі күн қатарынан жоспарлаған ойымды жүзеге асыра алмадым. Бүкіл жаттығуды орындау кезінде қиындыққа тап болдым. Не болғанын өзім де түсінбедім. Өкінішке қарай, біз төртінші орыннан көріндік. Бүгін барлық жұлдыз келді. Барымды салдым, бірақ алтынға жетпей қалды.
Асылбек Данияр, тілші:
Азиаданың бесінші жарыс күнін желаяқтар түйіндеді. 10 000 метр қашықтыққа жүгіруде ел намысын қорғаған Дейзи Джепкеми мәре сызығын төртінші болып кесті. Енді жалпыкомандалық кестеге тоқталсам, ел қоржынында 8 алтын, 8 күміс, 9 қола бар. Осылайша, Қазақстан қорытынды кестеде 4-орында тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы