Басты Жаңалықтар Дипломатиялық өкілдіктерде ту төмен түсірілді

Дипломатиялық өкілдіктерде ту төмен түсірілді

Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінде мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Елшіліктер мен консулдықтарда көңіл айту кітаптары ашылып, Қазақстан халқына халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау көрсетілуде.

Түркия халқы Қазақстан халқына көңіл айтты. Елдің Сыртқы істер министрлігі Ақтаудағы қайғылы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасап, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ барша Қазақстан халқына қайғырып көңіл білдірді. Қаралы күнге байланысты Түркиядағы Қазақстан елшілігі мен Бас консулдықтарының ғимараттарында Мемлекеттік Ту төмен түсірілді.

Қытайда да Қазақстан халқына деген қолдау айқын көрініс тапты. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен консулдықтарының ғимараттарында Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Сонымен қатар көңіл айту хаттарын қабылдайтын электронды пошта арналары да жұмыс істеп тұр.

Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде де Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, көңіл айту кітабы ашылды. Елшілік ұжымы мен Бельгияда тұратын қандастарымыз қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, ел қайғысына ортақтасып отыр. Кітапқа еуропалық дипломаттар, әскерилер мен саясаткерлер Қазақстан халқымен бірге екенін жеткізуде.

Кадир Дюран, «Brussels corner» басылымының бас редакторы:

Қаза тапқан он төрт сарбаздың отбасыларына және бауырлас қазақ халқына көңіл айту үшін елшілікке келдім. Мұндай қайғылы оқиға енді қайталанбасын деп тілеймін. Біздің қолымыздан келетіні – қаза болғандардың рухына тағзым етіп, олардың отбасылары мен Қазақстан халқы үшін дұға жасау. Біз Қазақстан халқымен біргеміз.

Ресейде де Қазақстан халқына деген қолдау ерекше сезіледі. Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің ғимаратында Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Дипломатиялық өкілдікте көңіл айту кітабы ашылды. Қазақстандағы қайғылы жағдай халықаралық ұйымдар мен шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің де назарында. Еуразиялық экономикалық комиссия ғимаратында да Мемлекеттік Ту төмен түсірілді.


Бөлісу