Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдауға 1,5 млрд теңге бөлінді

Жамбыл облысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдауға 1,5 млрд теңге бөлінді

Биыл Жамбыл облысында мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында 1,5 млрд теңге бөлінді. Қаржыландыру аясында 820 тұрғынға грант беріледі. Қазірдің өзінде олардың жартысына жуығы қайтарымсыз қаржыны алды. Нәтижесінде тұрғындар өз кәсібін ашып, өзгелерді жұмыспен қамтып отыр.

Гүлнәр Әбдуалиева шілдеде қайтарымсыз қаржы алып, тігін шеберханасын ашты. Сал ауруына шалдыққан қызына қарап жүріп-ақ қажетті құжатын жинады. Перзентінің күнделікті күтімі өз мойынында болғандықтан, жұмысқа тұруға мүмкіндігі болмады. Енді бүгінде 1 млн 730 мың теңге грант қаржысына 3 түрлі құрылғы алып, киім тігіп отыр.    

Гүлнәр Әбдуалиева, қала тұрғыны:

Біреуі тігеді, біреуі жиектеп тігеді, біреуі бөледі. Жас қыздарға, жас келіншектерге, аурушаң балалары бар қыз-келіншектер грант керек. Үйде отырып, кәсіп ашып, ақша тауып отырғанға керек.

Ал наубайхана Мұсаевтар отбасының негізгі кәсібіне айналды. Ана мен бала мемлекет қолдауының арқасында жеке кәсіп ашқандарына дән риза.

Гюляра Мұсаева, қала тұрғыны:

Зейнетақыдан бөлек табысымыз жақсы болып тұр. Күндігіне 50-60, 100-ге шығарып жатырмыз. Наны бар, булочкасы бар, лакомкасы бар, пицца, тәттілерді де қосып жатырмыз. Биыл өңірде 820 тұрғынға грант беру мақсатында облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Әзірге 400-ге жуық тұрғын қайтарымсыз қаржыны игілікке жұмсап, кәсіптерін игеріп отыр. Ал желтоқсанға дейін көмекқаржы барлығына беріледі.

Серік Әлібеков, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қандастарға, көпбалалы отбасыларға сияқты санаттағыларға беріледі. Алып отырған бағыттар ауыл шаруашылығы саласына және кіші шағын цех, кондитерлік өнім ашуға, тігін цехтарын ашуға бағытталған.

Ал 7 санат бойынша берілетін грант игері атануы үшін алдымен үміткер «Бастау Бизнес» бағдарламасымен білім алып, бизнес-жоспар ұсынуы тиіс. Конкурс нәтижесін комиссия мүшелері шешеді.


Бөлісу