Басты Жаңалықтар Ауыл дәрігерлері 600 науқасқа жүрек отасын жасаған

Ауыл дәрігерлері 600 науқасқа жүрек отасын жасаған

Қызылорда облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Былтыр Қазалы ауданында алғашқы кардиология және инсульт орталығы салынып ел игілігіне берілді. Бүгінде ауыл халқы жаңа ауруханада тиісті емін алып, сапалы медициналық көмекке қол жеткізді.

Көпбейінді аурухана аумағынан салынған жаңа орталық 42 төсек-орынға шақталған. Мұнда түскен науқастар алдымен заманауи медициналық қондырғылардың көмегімен толық тексеруден өтеді. Ауруы нақтыланған соң тиісті ем қабылдайды. Жаңа емдеу орны ашылғалы дәрігерлер қаншама науқасты аяққа тұрғызып, елдің алғысына бөленіп келеді.

Зина Өтегенқызы, ауыл тұрғыны:

Қатты ауырып, реанимацияға түстім. Еміміз мезгілімен беріліп жатыр. Дәрі-дәрмек, массаж, тіпті алтын ине сұрасам, алтын инені де салып жатыр. Келгендегіден өте жақсымын.

Бүгінде жүрек-қан айналымы бойынша ауданда 10 мыңға жуық адам есепке алынған. Бұрын ауруы асқынған науқастар 350 шақырым қашықтағы облыс орталығына қатынап, әуре-сарсаңға түсетін. Ал жаңа орталықта ауыл дәрігерлері жүрекке күрделі ота жасап, бұрын-соңды болмаған медициналық көмек көрсетіп жатыр.

Қадірбек Әліпов, аудандық аурухананың бас дәрігері:

Осы кардиологиялық орталық ашылғалы бері қазір кардиологиялық операцияларды дамытып жатырмыз. 25 жылдың өзінде 600-ге жуық кардиологиялық операциялар жасалды. Көрші аудандардан Арал, Қармақшы және Байқоңыр, Төретам елді мекендері тұрғындарына осы жерден көмектерін көрсетіп жатыр.  

Мемлекетке қайтарылған актив есебінен 1,7 миллиард теңгеге салынған заманауи емдеу орнының ауыл жұрты осылайша игілігін көріп отыр. Жалпы, облыс бойынша бұл бағдарлама арқылы 30-дан аса әлеуметтік маңызды жоба жүзеге асып жатыр.

 


Бөлісу