Жетісу облысында егін жинау науқаны қыза түсті
Жетісу облысының шаруалары ала жаздай еккен егінінің жемісін жинауға кірісті. Биыл өңірде 14 мың гектарға жуық жерге көкөніс дақылдары егілген. Әсіресе картоп, пияз бен қырыққабатқа басымдық берілді. Енді өнімнің бір бөлігі тұрақтандыру қорына жөнелтілсе, қалғаны саудаға шығарылады.
Картопты комбайндар жинап жүр. Мұсабек ауылындағы шаруашылықтың комбайны он күннен бері алқап басында. Шаруалар 33 гектардан 300 тоннаға жуық картоп жинап үлгерген. Диқандар биыл Жер-ана жомарттық танытты дейді. Ал ауыл тұрғындары өнімді сұрыптап, сатылымға әзірлеп жатыр.
Самал Егінбаева, тұрғын:
Науқан уақыты жүріп жатыр. Таң атып, күн батқанға дейін еңбек етіп жатырмыз. Осы жерде 25 адамдай жұмыс істейді. Биыл осы картоп егіп, табыс тауып жатырмыз. Жұмыс қиын емес. Сағат 7-ден басталып, кешкі уақыт 6-да қайтамыз.
Өңірде картоп терімі қыза түссе, шаруалар сәбізді алғашқы аяздан соң жинап бастайды. Өнім өңделіп, бір бөлігі тұрақтандыру қорының қамбасына жөнелтіледі. Жалпы, өңірде 20 мың тоннаға жуық дәл осындай сәбіз жинау жоспарланған.
Келер айдан бастап тұрақтандыру қорына 2 300 тонна көкөніс жиналады. Тағы 3 100 тонна өнім шаруашылықтардың қоймаларында сақталады. Күзгі жиын-терім кезінде өңірдегі 6 ірі шаруашылық өнімін қорға жөнелтеді. Оның басым бөлігі – картоп, қалғаны – сәбіз бен пияз. Өнімдер әлеуметтік дүкендерде төмендетілген бағамен сатылады.
Бақтияр Сембеков, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры:
Қазан айы мен сәуір айының аралығында бекітілген бағамен, мәселен, картоп 200 теңгеден, сәбіз 160 теңгеден, пияз 80 теңгеден аспайтын бағамен сатылады.
Мамандар биылғы ауа райы егін жинауға қолайлы болғанын айтады. Өңір шаруалары 13 400 гектар жерге көкөніс дақылдары екті. Егіс алқаптарының басым бөлігіне пияз бен картоп отырғызылған. Бүгінде жиналған өнім көлемі 317 мың тоннаға жуықтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы