Азия ойындары: Бүгін спортшылар 4 медаль жеңіп алды
Азия ойындарының алтыншы күнінде Ұлттық құрама спортшылары 4 қола медаль жеңіп алды. Пневматикалық винтовкамен 50 метр қашықтықта нысана көздеу сайысында Ислам Сәтпаев үшінші орынға ие болды. Жерлесіміз шешуші сында қытайлық мергендердің алдына шыға алмады. Сонымен бірге каноэ мен байдарка есуден 500 метрлік төрттік жарыста әйелдер құрамасы мәре сызығын үшінші болып кесті. Жеңіл атлетиканың жеті сайыс бағдарламасынан Алина Чистякова да үздік үштікке кірді. Семсерлеудің шпага түрі бойынша командалық сында да Қазақстан әйелдер командасы қола еншіледі. Бұл - отандық семсерлесу тарихындағы шпага сайысындағы ерекше маңызды жетістік. Себебі жерлестеріміз Азиадада тұңғыш рет жүлдегерлер қатарына ілініп отыр. Жартылай финалда құрлықтағы мықтылардың бірі - Қытай құрамасымен бәсекелесіп, 21:45 есебімен есе жіберді. Қазақстан намысын Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, Софья Николайчик, Дария Самоделкина қорғады. Қазір Нагоя қаласында жеңіл атлетика бәсекесі мен спорттың гимнастикадан финал өтіп жатыр. Нәтижесін Жапониядағы тілшіміз кешкі жаңалықтарда тарқатып айтады.
Ирина Бакалдина, семсерлесуден Азия ойындарының қола жүлдегері:
Біз үшін жарыс аяқталғаны өкінішті. Әрине, медаль алғанымызға қуаныштымыз, бірақ жартылай финалда жақсы семсерлесіп шығамыз деп ойлаған едік. Әттең, жоспарымыз ойдағыдай жүзеге аспады. Алдағы уақытта бүгін жіберген қатемізбен жұмыс істеп, дайындаламыз. Алда жаңа маусым келе жатыр. Иә, бұл бірінші медаль. Елімізге жүлде сыйлағанымызға қуаныштымыз. Қыздар жарады. Бізде қолдап-қуаттаған жанкүйерлерімізге алғыс айтамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы