Басты Жаңалықтар Спортшылар 5 медаль жеңіп алды

Спортшылар 5 медаль жеңіп алды

Жапонияда өтіп жатқан ХХ Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылардың жеңіп алған медаль саны 30-ға жетті. Байрақты доданың алтыншы күнінде жерлестеріміз ел қоржынына 5 қола жүлде салды. Жеңіс тұғырынан көрінгендердің арасында семсерлесушілер, жеңіл атлеттер, ескекшілер мен мергеніміз де бар.
Семсерлесуден командалық бәсекеге Ұлттық құрама қыздары тарихи жетістікке қол жеткізді. Сапы бағдарламасында жерлестеріміз ширек финалда Гонконг спортшыларын қапы қалдырып, жартылай финалда қытайлықтардан 21:45 есебімен жеңілді. Ирина Бакалдина, София Николайчук, Владислава Андреева, Дарья Самоделкина сыйлаған қола - Қазақстанның Азия ойындарында жеңіп алған тұңғыш медалі.
Ирина Бакалдина, Семсерлесуден Азия ойындарының қола жүлдегері:
Біз үшін жарыс аяқталғаны өкінішті. Әрине, медаль алғанымызға қуаныштымыз, бірақ жартылай финалда жақсы семсерлесіп шығамыз деп ойлаған едік. Әттең, жоспарымыз ойдағыдай жүзеге аспады. Алдағы уақытта жіберген қатемізбен жұмыс істеп, дайындаламыз. Иә, бұл бірінші медаль.
Олимпиада жүлдегері Ислам Сәтпаев та Азиаданың жүлдегері атанды. Ол пневматикалық винтовкамен 50 метрден 3 позицияда оқ атуда 3-орыннан көрінді. Финалда 348.3 ұпай жинады. Бұл бағдарламада алтын мен күміс Қытай өкілдерінің еншісінде кетті.
Ислам Сәтпаев, Нысана көздеуден Азия ойындарының қола жүлдегері:
Іріктеуде жақсы нәтиже көрсеттім. Ал финалда медаль үшін барымды салдым. Қарсыластарыммен басқа да жарыстарда жиі кездесіп тұрамыз. Олардың қай-қайсы болмасын мықты. Мен де осал емеспін деп айта аламын. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын.
Сонымен бірге, каноэ мен байдарка есуден 500 метрлік төрттік жарыста әйелдер құрамасы мәре сызығын үшінші болып кесті. Уақыт көрсеткіші: 37,005 секунд. Жеңіл атлеттер де жарады. Араға жеті жыл салып жетісайыстан қоржынға қола медаль түсті. Алина Чистякова үш күнге созылған бәсекеде 5568 ұпай жинап, үздік үштікке енді. Сырықпен секіру шебері Полина Иванова елге алғашқы Азия ойындарының жүлдесін сыйлады. 23 жастағы отандасымыз Үндістан спортшысымен бірдей көрсеткіш тіркеп, нәтижесінде 2 қола жүлде табысталатын болды.
Сарықұрлық бәсекесінде барлығы 30 медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы әзірге жалпыкомандалық есепте төртінші орында тұр.

Бөлісу