Алматыда жыл бойы жұмыс істейтін тау курорты ашылады
Алматыда жыл он екі ай жұмыс істейтін жаңа тау курорты ашылады. Almaty SuperSki жобасы Көкжайлау шатқалында жүзеге асырылып жатыр. Курортта қыста тау шаңғысы мен сноуборд, ал жазда треккинг, тау велосипеді және басқа да спорттық бағыттар ұсынылмақ. Жоба аясында шамамен 60 шақырым тау шаңғысы трассасы, 11 аспалы жол салу жоспарланған. Жаңа курорт тәулігіне 10 мыңнан астам адамды қабылдай алады. Трассалардың 70 пайызы балаларға, орта деңгейдегі және енді бастаған шаңғышыларға арналады.
Мақсұт Жұмаев, альпинист:
Қазір туристік орындардың барлығы адамға лық толы екенін көріп отырмыз. Сондықтан халықаралық деңгейдегі осындай курорттың болғаны жақсы. Жобаны жүзеге асыру барысында түрлі ғылыми-зерттеу институттарының мамандары өз кеңестерін айтып жатыр. Халықаралық тау-шаңғы компаниялары да жаңа технологияларды дұрыс таңдау жөніндегі тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл курортқа жастар да, отбасылар да, туристер де келіп, демала алады.
Жоба аумағы шамамен 1 мың гектарды қамтығанымен, негізгі туристік нысандар 20 гектар жерге орналаспақ. Табиғи аумақты сақтау үшін экологиялық және инженерлік зерттеулер жүргізіліп, тұрақты мониторинг ұйымдастырылады. Курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланған. Шамамен 5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы