Басты Жаңалықтар Халық кеңесінің міндеті қандай?

Халық кеңесінің міндеті қандай?

Аптада Халық кеңесінің құрамы жарияланып, олар алғашқы сессиясына жиналып, Президент ұсынған кандидатураны – биыл тарих қойнауына кеткен парламент мәжілісінің төрағасы болған Ерлан Қошановты Халық кеңесінің төрағасы қылып бекітті. Сонымен жаңа Конституция бойынша билік құрылымындағы өзгерістер жасақталып бітті. Тікелей эфирде Раушан Сайлауқызымен сұхбаттасамын.

- Раушан, Халық кеңесінің міндеті мен өкілеттігін, қалай жұмыс істейтіні мен қалай жиналатынын тарқату керек шығар?!
- Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді. Енді осы бірнеше ұйымның қызметі ел тарихында алғаш рет құрылған Халық кеңесіне жүктеліп отыр. Президент кеңестің алғашқы сессиясында консультативтік органның негізгі миссиясына тоқталды. Әуелі Халық кеңесі жаңағы атап өткен ұйымдардың тәжірибесін жалғастырып, елдің ынтымағын нығайтатын, бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталыққа айнала алуы тиіс. Екіншіден, аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау да кеңестің құзіретіне кіреді. Өздеріңізге мәлім, кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Енді олардың үні Халық кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетуі тиіс. Қажет болса, қордаланған мәселелерге қатысты заң жобасын әзірлеп, Құрылтайға ұсынуға құқылы.

Рауан Кенжехан, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі:

Әр жердегі біздің ерекшеліктер әртүрлі. 20 өңірдің 20 түрлі жағдайы бар. Соның барлығын терең ескеру үшін оларды нақты шешімдерге, нақты заң жобаларына басқа да мемлекет деңгейінде қабылдануы тиіс шешімдерге негіз дайындайтын Халық кеңесі болмақшы.

Тағы бір маңызды мәселе – қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Яғни елімізде жүргізіліп жатқан түрлі реформаның орындалу барысын қадағалауы тиіс. Мысалы, қазір елдің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Бірақ кейбір жаңадан салынған нысандардың сапасы сын көтермей жатқанын көзіміз көріп жүр. Мінекей, осындай жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізу – Халық кеңесінің міндетіне кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет.

Президент осы жиында қазақ тілінің қандай да бір әкімшілік тіпті саяси мәжбүрлеусіз-ақ өрісі кеңейіп келе жатқанына тоқталды. Тіпті қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздік пен мәдениетсіздіктің белгісіне айналды деді. Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту яки шеттету дегенді білдірмейді. Тоқетеріне тоқталсақ, өзге тілдің бәрін біле жүріп, өз тіліңді құрметтеу қажет  дегенге саяды. Азаматтық қоғам институтын дамыту, өскелең ұрпаққа арналған қоғамдық кеңістіктерді көбейту, «Таза Қазақстан» мен «Заң мен тәртіп» қағидаттарының жүзеге асырылуын қадағалау, қажет болған жағдайда Референдум өткізу жөніндегі бастамаларды көтеру де – Халық кеңесінің міндеті. Тек Халық кеңесі - Құрылтайға балама мекеме емес. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Тек  өздерінің сессия барысында бірауыздан қолдаған заң жобаларын Құрылтайға ұсынады. Оны мақұлдай ма, жоқ па ары қарай депутаттар шешеді. Ұйымның жалпы отырысы жылына екі рет өтеді. Бұл кеңес мүшелері жылына 1-2 рет басқосумен шектеледі деген сөз емес.  Кеңес тұрақты және уақытша комитеттер мен жұмыс топтарын құрады. Түрлі саланың өкілдері бағытына қарай жұмыс сесияларын өткізеді. Қоғамдық негізде жүзеге асырылатын жұмыс болғандықтан кеңес мүшелері жалақы алмайды. Тек ұйымдастыру ісіне яғни төралқа тобына төленеді. Шетелде де мұндай тәжірибе бар. Оның ішінде Францияда бұл «экономикалық, әлеуметтік, экологиялық кеңес» деп аталады. Бұл кеңестің басты мақсаты – үкіметке осы бағыттар бойынша кеңес беру. Ал Қытайда «халықтық саяси кеңес» деп аталады. Бұл кеңес те елдегі этностардың, әлеуметтік топтардың мәселесін көтереді. Біздің халық кеңесінің ерекшелігі – ұсынылған тұжырымдарды заң жобасына айналдырып, парламентке – Құрылтайға ұсына алуы. Яғни құқықтық тетік бар.

Жамаладен Ибрагимов, заң ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры:

Үнемі халықты тыңдап отыру керек. Әркім өз саласында. Өз бағытында. Яғни Халық кеңесінің регламентінде жазылған жоқ деп өздеріне шеңбер істеп алып, біз сол кеңестің мүшесіміз, біздің мынадай төсбелгіміз бар деген бағытта емес, үнемі байланыста болуы тиіс. Қазақ айтады ғой, әр азаматтың тамырын басып не ойлары бар, не ұсыныстары бар екен – осындай бір байланыс болса екен деп ойлаймын.

- Осы жиында Президент: «Мәслихат депутаттарының...көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Ол саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. ...мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды” дей келе, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтайтынын айтты. Сайлау өтеді, иә...
- Иә, мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Себебі көптеген мәслихат депутаттары «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында осыған қатысты құқықтық заңнамалық рәсімдер аяқталады. Демек, мәслихат депутаттарының қызметін де заң аясында жүйелеу керек. Сондықтан Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатып, жаңа сайлау өткізу туралы шешім қабылдамақ. Жалпы, мәслихат депутаттарының өкілеттігі 5 жыл. Ал бұған дейінгі сайлау 2023 жылы 19 наурызда өткен еді. Аудан, қала, облыстық мәслихатқа 3000-нан астам депутат сайланған. Олардың негізгі міндеті - аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғау, бюджетті бекіту. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл, қоғамдағы беделі жоғары, мықты азаматтар енді. Бүгін біз алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап алдық. Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр. Өздеріңізге жүктелген тарихи миссияның мән-маңызын терең түсініп, мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет етесіздер деп ойлаймын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді. Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін.




Бөлісу