Басты Жаңалықтар «Пайым, қоғам, мінез»

«Пайым, қоғам, мінез»

Дүниежүзілік банк 2015 жылы «Пайым, қоғам, мінез-құлық» деген зерттеу жариялайды. Бұл еңбек әлемде мемлекеттік саясат, халықаралық көмек бойынша бетбұрыс жасаған. Адамды тек рационалды тіршілік иесі деп ойлау қате деген идея. Адамның мінез-құлқынан бастап психология, нейробиология, антропология деректерін біріктіріп, адамдардың қалай шешім қабылдайтынына үңілген.

Үш басты принцип:

1. Автоматты. Түйсік пен анық дүниелерге сүйеніп қабылдайтын шешім.

2. Әлеуметтік. Әлеуметтік нормалар, қоршаған ортаның пікірі, қарым-қатынас жасайтындар, қауыммен бір болуға ұмтылыс әсер ететін шешім. Адамдар көбіне өзіне пайдалы емес, жұрт мақұлдайтын шешім қабылдайды екен.

3. Менталды қалыптардан құралатын шешім. Адам әр жағдайға орай жаңа тұжырым жасамайды. Дайын шаблондар, стереотиптер, мәдени шарттар ықпал ететін шешім қабылдайды. Бұл адамның неге сенетінін және неге сенбейтінін, қандай жетістікке жететінін айқындайды.

Осы және басқа да стереотиптер адам, қоғам, мемлекет дамуына қалай әсер ететініні туралы Қозы Көрпеш Жасаралдың материалы.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Адам қоғамды, ал қоғам адамды қалыптастырады. Сондықтан қабылдаған шешімдердің барлығы адамның ақылына немесе логикасына байланысты емес. Кейде сіз бен біздің таңдауымызға айналамыздағы адамдардың әрекеті, қоғамда қалыптасқан қасаң қағидалар ықпал етеді. Мұны әлеуметтану ғылымында Social conditioning дейді.

Динара Әбілдинова, Invision U университеті әлеуметтану бағдарламасының директоры:

Адамдардың айтатыны бір бөлек, сенетіні бір бөлек, бірақ іс-әрекетке келген кезде басқаша іс-әрекет көрсетуі мүмкін.

Алмаш Айқынбайқызы, әлеуметтанушы, PhD:

Қоғам бізді қабылдау үшін біз қоғамды сақтайтын идеялармен келісуге мәжбүрміз.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Сәйкесінше, кейде адам «Мен не қалаймын?» дегеннен бұрын, «Басқалар не істеп жатыр?» деген сұраққа сүйеніп әрекет жасайды. Дүниежүзілік банк 2010-2011 жылдары Эфиопияның Доба ауданында зерттеу жасаған.«Жастардың болашағына нақты жағдай әсер ете ме, әлде сол туралы қалыптасқан түсініктердің ықпалы бар ма?» деген сауалға жауап іздейді. Кедейлік қамытын киген топқа өздерімен әлеуметтік жағдайы ұқсас, бірақ кейін тұрмысы түзелген адамдар туралы деректі фильмдер көрсетіледі. Қызығы, араға 6 ай салып зерттеуге қатысқандардың білімге деген ұмтылысы артқан. Демек, адам «менің жағдайым өзгеруі мүмкін» деп сенсе, сол өзгеріс үшін әрекет ете бастайды. Ал, бұған сенбесе...

Гүлназым Исаева, психолог:

Адам жалпы қоғамда, өзінің ортасында өмірінде жалпы ішкі күйінде өзін төмен санайтын болса, ол мына әлемде әлеуметтік өмірде қоғамда өзін толыққанды адам ретінде сезінбейді. Өзін көрсете алмайды. Үнемі басынқы жүреді. Бұл да депрессияға алып келеді.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Бұл жерде мәселе – тек бір адамның көзқарасында емес. Қоғамда қандай құндылықтар басым болса, адамның болашағына деген көзқарасы соған қарай қалыптасады. Зерттеулерге сүйенсек, әлем елдері құндылықтарды әрқилы қарастырады. Мәселен, Испания Еуропа мен әлем тарихына қосқан елеулі үлесін, Сингапур адалдық пен тәртіпті жалпыұлттық құндылық ретінде насихаттайды.

Алмаш Айқынбайқызы, әлеуметтанушы, PhD:

Біздегі… Дегенменде, патерналистік қарым-қатынастар әлі де басым. Жоғарыдан «мен үшін шешім қабылдайды! Жоғарыдағылар не істеп отыр?» Ал біз өзіміздегі әрекеттерге жауап бермейміз.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының» 2024 жылы жүргізген зерттеуіне қарасақ, ел жастары басты құндылық ретінде отбасыны (80 пайыз), одан кейін денсаулықты (63 пайыз) атаса, 42,4 пайызы құндылықты материалдық жағдаймен байланыстырған.

Элина Масагутова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры:

Өзіндік даму, денсаулықты ұстау мен жайлы өмір сұраныстарын қанағаттандыру үшін қаржы қажет. Сондықтан жастардың материалдық байлыққа ұмтылу тенденциясы әбден түсінікті. Бірақ аяқ астынан баю, жоғары лауазымдар алу мүмкіндігін қабылдау жастар арасында кең тараған адасушылық. Солай болса да жас азаматтардың деңгейі өсіп келе жатқанын және прагматизм сияқты сипаттардың алдыңғы қатарға шыға бастағанын атап өткім келеді.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Зерттеудегі тағы бір деталь – мемлекеттік жастар саясатына берілген баға. Жастардың 54,2%-ы мемлекеттік жастар саясатын тиімді деп бағалаған. Ал 19,8%-ы оны тиімсіз деп санайды, бір бөлігі бұл саясат туралы хабарсыз екенін айтқан.

Жарас Сейітнұр, психология ғылымдарының кандидаты:

Сөз бен істің арасында алшақтық болатын болса, халықтың арасында сенімсіздік болады. Сондықтан бағдарламадан алшақтық болмауы керек. Өмірдің реалдығына жақынырақ келу.  

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Ал бұл түсініктер адамның болашаққа деген сеніміне және қоғаммен қарым-қатынасына ықпал етеді. Сондықтан адам бойындағы дербестік, жауапкершілік пен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыспен қатар, сондай құндылықтарды қолдайтын ортаны қалыптастыру маңызды. Әлеуметтанушылардың пайымы осы. Адами капитал артса, санаға сіңіп қалған керітартпа пікірлердің азаяры сөзсіз.



Бөлісу