Алматыда жер сілкінді
Бүгін таңертең Алматыда тағы да жер тербелді. Сағат 09:38-де тіркелген жерасты дүмпуінің ошағы Қырғызстан аумағында болған. Алматыдан оңтүстік батысқа қарай 8 шақырым жердегі ошақтан тараған дүмпу қалада 3-4 балл деңгейінде сезілді. Ал облыстың Қарасай ауданы мен Боралдай ауылында 2-3, Өтеген батыр кентінде 2 балл болды. Тұрғындар 112 желісі арқылы хабарлама алып, дереу сыртқа шыққан. Кейін оқушылар мен студенттер, қызметкерлер қайта ғимаратқа кіріп, сабақ пен жұмысын жалғастырды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Ал «Қазселденқорғау» мамандары өзен арналары мен гидротехникалық құрылыстарды, сондай-ақ сел және көшкін қаупі бар учаскелерді түгел тексеріп шыққан. Айтуларынша, ешқандай нысан зақымдалмаған, бәрі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мамандар Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайтынын ресми хабарлады.
Ерген Батпасов, қалалық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығының жедел кезекші бөлім бастығы:
Сейсмологиялық байқау және зертеулер ұлттық ғылыми орталығының болжам комиссиясының қорытындысына сәйкес, сағат 10:30-дағы жағдай бойынша жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Сабыр сақтауларыңызды және ресми деректерге сенулеріңізді сұраймыз. Жағдай Алматы қаласы ТЖД-нің бақылауында.