Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Германияға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы Германияға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы ресми сапармен Германияға барды. Сапар аясында екі елдің қарым-қатынасын дамытуға бағытталған келіссөздер жоспарланған.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

№1 борт Берлин әуежайына жаңа ғана келіп қонды. Мемлекет басшысы араға үш жыл салып, неміс еліне ресми сапармен келіп отыр. Жергілікті тарап Қасым-Жомарт Тоқаевты сән-салтанатпен қарсы алып жатыр. Қызыл кілем төселіп, құрмет қарауылы сап түзеді.

Ресми сапар аясындағы негізгі іс-шаралар ертеңге жоспарланған. Германия өндірісі өркендеген, қуатты ел. Еуропаның басты экономикасы. Жалпы ішкі өнім көлемі бойынша әлемде төртінші орыннан түспей келеді. Сондықтан кәрі кұрлықтағы бұл мемлекетпен байланыс орнатуға көп ел бейіл. Соңғы 20 жылда неміс кәсіпкерлері Қазақстанға 8 миллиард доллар инвестиция құйған. Былтырдың өзінде оның көлемі 700 миллион долларға жуықтады. Неміс капиталының 90 пайыздан астамы шикізаттық емес салаларға бағытталған. Қазір біздің елде Алманияның мыңнан аса компаниясы жұмыс істеп жатыр.

Фолькер Трайер, Германия Сауда-өнеркәсіп палатасының сыртқы сауда жөніндегі басшысы:

Соңғы жылдары Қазақстандағы экономикалық саясаттың дамуын көріп отырмыз. Екі ел арасындағы сауда көлемі тұрақты түрде артып келеді. Елдің минералдық ресурстарға бай екені белгілі. Бірақ Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру да маңызды. Сондықтан үкіметтеріңіз өнеркәсіпті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және өндіріс көлемін арттыруға ден қойып жатыр. Бұл неміс компаниялары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қос ел арасындағы сауда көлемі қомақты. Былтыр тауар айналымы 4,5 миллиард доллардан асты. Биылғы бес айда алыс-беріс 2 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан Германияға мұнай жеткізетін негізгі елдердің бірі. Былтыр 10 миллион тоннадан астам шикізат экспортталды. Бұдан бөлек, ферроқорытпа, күміс пен мыс саудаланады. Ал Германиядан дәрі-дәрмек, автомобиль, медициналық және ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіледі. Германияның Орталық Азиямен саудасының 80 пайыздан астамы Қазақстанның үлесінде.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда үш күн болады. Ресми сапар аясында жоспарланған шаралардың саны да салмағы да ауқымды. Берлинде Мемлекет басшысы осы елдің Президентімен және канцлерімен кездеседі деп жоспарланған. Бұдан бөлек Президент Германияның ең ірі компанияларымен жеке кездесіп, үлкен бизнес форумға қатыспақ.
Бөлісу