Басты Жаңалықтар Азиада: Ауыр атлеттер ел қоржынына екі күміс жүлде салды

Азиада: Ауыр атлеттер ел қоржынына екі күміс жүлде салды

Жапониядан жағымды жаңалық. Жазғы Азия ойындарында бүгін ауыр атлеттер ұлттық құрама қоржынына қос күміс жүлде салды. Тау көтерген толағайлар тартысы жайлы ойындар астанасында жүрген Телжан Күдеров тарқатсын.

85 келі салмақта Алексей Чуркин Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді. Ол жұлқа көтеруде 174 келіні бағындырып, әлем чемпионаты мен Азия ойындарының рекордын жаңартты. Серпе көтеруде 205 келіні еңсерген жерлесіміз жалпы 378 келі көрсетті. Алайда соңғы мүмкіндігінде солтүстіккореялық қарсыласы 214 келіні көтеріп, алтын жүлдені иеленді.

Алексей Чуркин, ауыр атлетикадан Азия ойындарының күміс жүлдегері:

Алғашқы жаттығуда қарсыластарымның салмақтарды бағындыра алмағанын көріп, бойыма ерекше күш-жігер келді. Үш рекорд жаңартқаныма қуаныштымын. Отадан кейін үш ай ғана өтті. 209 келіні оңай көтеріп жүрген едім, бірақ бүгін бағынбады. Алтынды ала алмағаным өкінішті. Енді әлем чемпионатына дайындаламын.

95 келі салмақта әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлынан жанкүйерлер алтын күткен еді. Жұлқа көтеруде 177 келіні екінші мүмкіндігінде бағындырғанымен, 181 келіні көтере алмады. Серпе көтеруде 210 және 217 келіні еңсерді. Алтын үшін 222 келі қажет еді, алайда бұл салмақты бағындыра алмады.

Нұрғиса Әділетұлы, ауыр атлетикадан Азия ойындарының күміс жүлдегері:

Елдегі ауыр атлетика саласы жыл санып дамып келеді. Осы додадағы  үш күміс жүлде соның айқын дәлелі. Осыған дейін ауыр атлеттерімізге 12 жыл бойы медаль бұйрмаған еді.

Гаджи Гаджиев, ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті:

2014 жылдан бері қарай ауыр атлетикада Азия ойындарында жүлде болмаған. Біз аз ғана уақыт ішінде жаңа команда жасақтап, Азияның азулы қарсыластарының арасынан үш күміс жүлде алып отырмыз. Бұл - үлкен жетістік. 

Ертең ауыр атлеттердің соңғы жарыс күні қос қызымыз бақ сынайды.

Бөлісу