Үш держава арасында ғарыш үшін бәсеке күшейіп келеді
Бүгін таңертең Қытай өзінің ғарыш станциясына алғаш рет шетелдік астронавтты ұшырды. Бейжің мұндай қадамға 2030 жылы Америка бастаған Халықаралық орбиталық бекет қызметін тоқтатуы мүмкін шақта барып отыр. Жергілікті екі ғарышкермен «Аспан сарайына» аттанған пәкістандық кім? Ал ірі державал космос үшін неліктен бәсекеге түсіп жатыр? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бүгін жергілікті уақытпен таңғы сағат 8-ден 18 минут өткенде Қытайдың солтүстік-батысындағы Цзюцюань космодромынан «Шэньчжоу-24» кемесі ғарышқа аттанды. Ал бірер сағат бұрын ол тасымалдаушы ракетадан бөлініп, жер орбитасына шығып үлгерген. Бортында үш адам бар: 51 жастағы Тан Хунбо, 39-дағы У И және биыл 40-қа толған пәкістандық Мұхаммед Зишан Әли. Соңғысы – елінің мақтанышы әрі ғарышқа ұшқан алғашқы астронавты. Ал Қытай үшін Әли – «космостық дипломатияның» айқын жетістігінің символы.
Осы сапар алдында пәкістандық жергілікті әріптестерімен брифингке қатысты. Сол әңгімеден ұққанымыз, оның арманы – орбиталық бекетпен шектелмей, келешекте өзге планеталарға да жету екен.
Мұхаммед Зишан Әли, пәкістандық ғарышкер:
Мен сіздерге бір жайтты айтқым келеді: бұл сапарға өзім үшін аттанбаймын. Ол жаққа Пәкістан мен 250 миллион халқының үмітін арқалап барамын. Орбитада жүргенімде, мені бақылап отырған әрбір бала аспанға қарап, ғарышта мен олардың арманымен бірге жүргенімді есіне алса екен. Бұл миссиямыз келешекте Айға, Марсқа және одан арғы ғарыш кеңістігіне ұшуға ұласады деп үміттенемін.
Зишан Әли қытайлық станцияда 5-10 күн болып, салмақ пайдасы маманы ретінде бірқатар тәжірибелерге қатысады. Айта кетсек, екі елдің ғарыштағы ынтымақтастығы 90-шы жылдардың басынан бері жалғасып келеді. Осыған дейін Қытай бірнеше пәкістандық жерсерікті орбитаға шығарды.
Қытай алты адамдық бекетіне шетелдікті алғаш рет жеткізе отырып, өзінің ғарыштық бағдарламасының өзге елдерге де ашық екенін аңғартты. Сонымен қатар, Қытай бұл қадамға АҚШ-қа бағынышты халықаралық ғарыш станциясы төрт жылдан соң қызметін тоқтатуы мүмкін шақта барып отыр.
Чжан Цзинбо, Қытайдың адам басқаратын ғарыш бағдарламасының өкілі:
Пәкістандық астронавттың қытайлық ғарыш станциясы миссиясына қатысуы - біздің космос тарихымыздағы алғашқы оқиға. Яғни өзіміздің және шетелдің ғарышкері бірінші рет орбитаға бірге аттанып жатыр. Және де бұл старт екі ел дипломатиялық байланыстарының 75-жылдығымен тұспа-тұс келіп, Қытай-Пәкістан достығының жарқын көрінісіне айналып отыр.
Бір кездері АҚШ Бейжіңнің НАСА-мен және халықаралық ғарыш станциямен ынтымақтасуына тыйым салды. Сондықтан Қытай 2021 жылы өзінің «Аспан сарайы» атты бекетін салуға кірісіп, оны 2022 жылы іске қосты. 10 жылға шақталған «Тяньгун» станциясында Қытай мыңнан астам ғылыми сынақ жүргізбек.
Тағы бір айта кететін жайт – АҚШ 2028 жылы Айға адам қондыруды жоспарлап отыр. Ал Қытай бұл мақсатқа 2030-да жетіп, 2035-те Ресеймен бірігіп, Ай бетінде зерттеу базасын салмақ. Одан кейінгі мақсат – Марсқа ұшу.
Вашингтонға сенсек, Қытай үстем күшке айаналып, Ай төңірегіндегі бай ресурстарға бақылау орнатқысы келеді. Қарсы жақ мұны жоққа шығарып, ғарышты бейбіт мақсатқа пайдалануға жақтас екенін алға тартып келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы