Ресейде санкция салдарынан кәсіпорындар жұмысы тоқтады
Ресейде санкциялық қысымның салдары бірқатар салаға әсер етуде. Әсіресе автомобиль өндірісі қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, логистикалық тізбектердің үзілуі мен импорттық бөлшектер тапшылығы кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтіруде.
Жеңіл көлік шығаруға қажетті шикізат пен бөлшектердің тапшылығы Ресейдегі автомобиль өндірісіне айтарлықтай әсер етті. Қатты зардап шеккен салалардың бірі – автомобиль өнеркәсібі. Логистикалық байланыстар бұзылып, жеткізу тізбегі үзілді. Соның салдарынан көлік шығаруға қажетті бөлшектер мен шикізат тапшылығы пайда болды. Жиырмадан астам кәсіпорынның екеуі ғана толыққанды жұмыс істеп тұр.
Алексей Егоров, кәсіпкер:
Бізде қазір үлкен болмаса да, белгілі бір қиындықтар бар. Қосалқы бөлшектер қымбаттады. Шекарада да еркін жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Шекарадан өту кезінде үнемі түрлі талап қойылып, қиындықтар туындайды. Алдағы уақытта жағдай реттеледі деп үміттенеміз. Барлығы жақсы болады деп күтеміз.
Бес жылдан астам уақыт ішінде бірқатар шетелдік бренд Ресей нарығынан кетті. Соның салдарынан жұмыс орындары қысқарып, жұмыссыздар саны артты. Елдегі еңбек нарығында мигранттардың үлесі де айтарлықтай. Кейбір сарапшылардың мәліметінше, мигранттардың шамамен отыз пайызы өз елдеріне қайтқан. Ресейде кейбір автомобильдер мен арнайы техниканың тапшылығы да анық сезіледі. Үкімет бұл мәселені шешу үшін қоймалардағы техниканы сатуға рұқсат берді. Себебі қолда бар қор екі ай ішінде таусылуы мүмкін деген болжам бар.
Владимир Евсеев, сарапшы:
Өнім жеткізу тізбегінің үзілуі, технологиялық байланыстардың бұзылуы өндірісті айтарлықтай тежеп отыр. Бұған қоса, бірқатар компания Ресей аумағында жұмысын жалғастыру немесе елден кету мәселесін шеше алмай отыр. Жалпы жағдай, әрине, күрделі.
Ресей үкіметі экономиканы қолдауға бағытталған бірқатар арнайы шара қабылдады. Алайда отандық экономистер санкциялардың салдарын еңсеруге кемінде он жыл қажет болуы мүмкін екенін айтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы