Атырау облысының Жамансор ауылында жаңа мектеп ашылды
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қайтарылған қаражат есебінен салынған білім ошағы қыркүйек айынан бастап оқушыларды қабылдады. Бұған дейін ауылда тек бастауыш сыныптарға арналған мектеп болған. 4-сыныптан кейін балалар 60 шақырым жердегі мектеп-интернатқа барып оқуға мәжбүр еді. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт жалғастырады.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жамансор ауылындағы бұл мектеп жергілікті жұрттың көптен күткен қуанышы. Себебі бұған дейін 4-сыныптан соң балалар 60 шақырым жердегі Доссор кентіне барып, мектеп-интернатта білім алуға мәжбүр болған еді. Енді, міне, жаңа мектеп ашылды. Оқушылар мұнда толыққанды 11-сыныпқа дейін білім ала алады.
Жаңа мектептің ашылғанына қуанып жүргендердің бірі – Кенбай ауылының тұрғыны Әбілхан Бектілеуов. Бұрын мектептің жоқтығынан балалары көрші ауданға баратын еді. Ал қазір жағдай жеңілдеді. Іргедегі ауылдан көлікпен өзі әкеліп, кешке кері әкетеді.
Әбілхан Бектілеуов, Кенбай ауылының тұрғыны:
Жақсы салынған мектеп. Заманауи, балаларға бар жағдай жасалған. Енді балаларымыз білім алып, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығады» дейді ғой, солай жақсы білім алсын дейміз.
Жаңа мектепте қазір 120 оқушы білім алып жатыр. Мұнда 17 оқу кабинеті бар. Оның ішінде физика, химия, биология, информатика және робототехника кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ғаламтор желісі де тартылған. Мектепалды даярлық тобы мен шағын орталық та жұмыс істейді. Жаңадан мамандар да келіп жатыр.
Жанаргүл Жұмағалиева, Жамансор негізгі мектебі диреткорының м.а.:
Бұрын біз бастауышта жұмыс істедік. Енді тағы да қосымша 5-9-дың аралығындағы сыныптарға жан-жақтан ұстаздар келді. География, математика, орыс тілі әдебиеті, химия-биология сынды. Ұстаздар қауымы да толығып жатыр арамыз.
Білім ошағында спортзал, 60 орындық акт залы және 30 орындық асхана да бар. Сондай-ақ мектеп жанынан 30 орындық жатақхана салынған. Қазір оны іске қосу үшін құжаттар рәсімделіп жатыр. Жалпы, облыста қайтарылған қаражат есебінен 3 нысан бой көтерді. Құрманғазы ауданындағы емхана жанынан МРТ ғимараты пайдалануға берілсе, қаладағы Бірлік ықшам ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Автор
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Тау туризмі: «Oi-Qaragai» курорты кеңейіп жатыр
29.09.2026, 20:58
Almaty SuperSki жобасы табиғатқа зиян келтірмейді
29.09.2026, 20:56
Непалда тасқын кезінде жоғалып кеткендер әлі табылған жоқ
29.09.2026, 20:54
KazHackStan 2026: Астанада киберқауіпсіздік мәселелері талқылануда
29.09.2026, 20:53
1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгереді
29.09.2026, 20:06
БҚО-да шаруалар мемлекет қолдауымен кәсібін дөңгелетіп отыр
29.09.2026, 20:05
Елде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет орталығы құрылды
29.09.2026, 20:04
Егін науқаны аяқталуға жақын
29.09.2026, 20:03