Басты Жаңалықтар Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасы құрылады

Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасы құрылады

Мемлекет басшысы Германияға стратегиялық шикізат саласында жаңа серіктестік ұсынды. Ресми сапар аясында немістің беделді Handelsblatt басылымында Президенттің мақаласы жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев шикізат жеткізумен шектелмей, барлаудан бастап өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегін бірге құруға шақырды. Бүгін Берлинде неміс бизнес өкілдерімен кездескен Президент Германияның капиталы мен технологиясын Қазақстанның ресурстық және транзиттік әлеуетімен ұштастыруға шақырды. Осы мақсатта қазақ-герман инвестициялық-қаржы платформасын құруды ұсынды. Берлиндегі келіссөздер мен жаңа бастамалар туралы Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Тарих оқулықтарынан бізге жақсы таныс Рейхстаг ғимараты. Бүгінде мұнда Германияның басты заң шығарушы органы – Бундестаг орналасқан. Елдің ішкі саясаты мен Еуропаның экономикалық бағытына ықпал ететін маңызды шешімдер осы жерде талқыланып, қабылданады. Ал Астана мен Берлин арасында берік байланыс орнаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел арасындағы әріптестіктің жаңа бағыттарына жол ашуды көздейді.

Иә, Германия кәрі құрлықта ғана емес, төрткүл дүниеде көп сала бойынша көш бастап тұрған алып мемлекет. Еуроодаққа ашылатын қақпа іспеттес. Қазақстанның бұл елден алары да берері де мол. Неміс тауары бүкіл әлемде сапа стандарты болып есептеледі. Сондықтан Президент Берлиндегі жұмыс кестесін жетекші бизнес қауымдастықтар мен банк басшыларымен кездесуден бастады. Қазақстан Германияның капиталы мен технологиясын елдің табиғи ресурстары және транзиттік әлеуетімен ұштастыруды ұсынды. Неміс компаниялары инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға ниетті.

Борис Грайфенедер, German Water Partnership бас директоры:

Қазір біз Қазақстандағы коммуналдық инфрақұрылым тиімділігі орталығымен бірлесіп, су сапасын өлшейтін зертхана құруды жоспарлап отырмыз. Келесі кезеңде  қазақ-герман су технологиялары хабын құрып, технология трансферін жолға қою көзделеді. Осы мақсатта Германияның Экономика министрлігі мен Қазақстанның Өнеркәсіп министрлігі арасында жол картасы әзірленбек. Бүгінгі кездесуде осы зертхананы іске асыру тетіктері талқыланды.

Цифрлық инновация мен жасанды интеллект қазақ-герман ынтымақтастығының жаңа бағыты ретінде аталды. Қазақстан неміс компанияларын деректер орталығы, бұлтты инфрақұрылым, энергия тиімділігі және киберқауіпсіздік жобаларына шақырды. Alatau City жобасы неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын жаңа алаң болуы мүмкін.

Эвальд Кенинг, журналист, халықаралық сарапшы:

Қазіргі әлемдік саясаттағы жағдай күрделі. Сондықтан жаңа серіктестер қажет. Орталық Азия елдері Еуропа үшін маңызды. Мұнда экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Орталық Азия елдері Ресеймен және Қытаймен тығыз байланыста. Сонымен қатар Еуропамен де ықпалдастықты дамытуға ұмтылып отыр. Германия осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы керек. Украинадағы соғысқа байланысты сауда және транзит бағыттары айтарлықтай өзгерді. Жаңа көлік дәліздерінде әсіресе Қазақстанның рөлі артып келеді.

Қазіргі жаһандық логистика картасында Қазақстанның рөлі салмақты. Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін  жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Былтыр бұл бағытта 40 миллион тоннаға жуық жүк тасымалданды. Осы ретте неміс компаниясы Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына  қомақты қаржы салмақ.  Президент Rhenus Group басшысымен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Тобиас Бартц, Rhenus Group басқарма төрағасы:

Біз Қазақстанда 1990-жылдардан бері жұмыс істеп келеміз. Қазір Ақтау портындағы жоба бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біздің жоспарымыз  - Орта дәліз бойында жалпы 14 терминалға инвестиция салу. Бұл желі Өзбекстаннан Қазақстан, Әзербайжан және Түркия арқылы Еуропаға дейін жалғасады. Еуропада біздің 23 контейнерлік портымыз және жалпы 70 порттық нысанымыз бар. Ендігі мақсат - Қазақстан мен тұтас Орталық Азияны осы логистикалық желімен байланыстыру.

Ендігі басым бағыттың бірі - сирек металдар. Қазақстанда Еуроодақ стратегиялық деп таныған 34 шикізаттың 21 түрі бар. Оның қатарында литий, кобальт, вольфрам, мыс, кремний және ниобий бар. Қазақстан кеннен шыққан шикізатты құр сатпай, оны өңдеп, дайын өнім шығаруға ден қойып отыр. Германияға осы бағытта бірге  жұмыс істеу ұсынылды. Екі елді экономикалық қарым-қатынастар ғана емес, қарапайым тұрғындар да берік байланыстырып отыр. Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс тұрады. Ал Германияда кезінде Қазақстаннан қоныс аударған бір миллионнан астам халық бар.

Вальтер Гаукс, Берлин сенатының Қоныс аударушылар мәселелері жөніндегі уәкілі:

Қазақстанмен арадағы байланыстың нығайып келе жатқаны бізді қуантады. Ынтымақтастық білім, экономика және мәдениет салаларын қамтиды. Германияда бір жарым миллионнан астам неміс қоныс аударушысы бар. Берлинде олардың саны 150 мыңға жуық. Кемінде жартысы Қазақстаннан келген. Біздің арманымыз – Берлинде бірнеше киіз үй тігіп, үлкен Наурыз мерекесін өткізу. Астана мен Берлиннің байланысы да нығая түссе дейміз.

Президент Қазақстан мен Германия арасындағы саяси диалогты нақты экономикалық жобалармен бекемдеуге басымдық берілетінін айтты. Негізгі бағыттар – инвестиция, қаржы және технология. Мақсат - капитал тартумен шектелмей, жаңа өндірістер мен өсім нүктелерін бірлесіп қалыптастыру. Қазақстан инвесторларға түсінікті әрі тұрақты жағдай жасап, стратегиялық жобаларды қолдауды жалғастырады. Бизнес ортамен кездесулерден кейін Мемлекет басшысы Германия Президентімен жүздесті. Қорғаныс министрлігінің алаңында салтанатты рәсім ұйымдастырылды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Неміс халқына тән дәлдікпен салтанатты рәсім тура белгіленген уақытта басталып жатыр. Мемлекет басшысын Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер қарсы алды. Құрмет қарауылы, қызыл кілем. Ресми Берлин мейманға жоғарғы деңгейде сый-құрмет көрсетті.

Салтанатты рәсімнен кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияны Қазақстанның Еуропадағы басты стратегиялық серіктестерінің бірі деп атады. Ал Штайнмайер Астана мен Берлин арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Қос ел арасындағы сауда көлемі қомақты. Былтыр тауар айналымы 4,5 миллиард доллардан асты. Биылғы бес айда алыс-беріс 2 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан Германияға мұнай жеткізетін негізгі елдердің бірі. Былтыр 10 миллион тоннадан астам шикізат экспортталды. Бұдан бөлек, ферроқорытпа, күміс пен мыс саудаланады. Ал Германиядан дәрі-дәрмек, автомобиль, медициналық және ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіледі. Германияның Орталық Азиямен саудасының 80 пайыздан астамы Қазақстанның үлесінде.

Президенттің Германияға сапары жалғасып жатыр. Дәл қазір Мемлекет басшысы Берлинде өтіп жатқан бизнес форумға қатысуда. Бұдан кейін Германия канцлерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылайды. Ал ертең Президент Германияның бай-қуатты өңірлерінің бірі Баварияға барады. Онда технологиялық бизнес форумға қатысады деп жоспарланған.


Бөлісу