Басты Жаңалықтар Елде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет орталығы құрылды

Елде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет орталығы құрылды

Қазақстанда жерасты суының пайдалануға бекітілген қоры тәулігіне 43 миллион текше метрден асады. Алайда оны нақты пайдалану көлемі 3,5 пайыз ғана. Әсіресе ауыл шаруашылығында жерасты суын игеру деңгейі төмен.

Сондықтан жауапты ведомство жаңа ұңғымаларды бұрғылап, гидрогеологиялық желілерді жаңартпақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.  Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Оның негізгі міндеті – жерасты суының қорын анықтау, сапасын бақылау және пайдаланылмай тұрған ұңғымаларды есепке алу. Қазір мемлекеттік мониторинг желісінде шамамен 4 мың ұңғыма бар. Ал 2040 жылға дейін оның санын 5 мыңға жеткізу жоспарланған.

Талғат Момышев, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

Алдағы үш жылдық жоспарлы кезеңде жерасты суын мемлекеттік іздеу және бағалау жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу шеңберінде 88 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұдан басқа, иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымалар санын 2 000 бірлікке дейін азайту көзделген. 2026 жылы осы бағыт бойынша 32 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде 15 жоба иесіз ұңғымаларды жоюға және 17 жоба оларды зерттеп-қарауға бағытталған.

Жерасты суын заңсыз бұрғылау және пайдалану жағдайлары да жиі кездеседі. Мәселен, бассейндік су инспекциялары бүгінге дейін дәл осындай 342 фактіні тіркеген. Су кодексіне сәйкес, жерүсті және жерасты суларын рұқсат қағазын алмай, пайдалану заң бұзушылық болып есептеледі және оған жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға 50 АЕК, кәсіпкерлерге 100-ден 850 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. 

Бөлісу