Басты Жаңалықтар БҚО-да шаруалар мемлекет қолдауымен кәсібін дөңгелетіп отыр

БҚО-да шаруалар мемлекет қолдауымен кәсібін дөңгелетіп отыр

Батыс Қазақстан облысында шаруалар мемлекет қолдауымен атакәсіптің өрісін кеңейтіп отыр.  Әсіресе жеңілдетілген несие алып, сүт фермасын ашқан шаруашылықтар көбейіп келеді.

Мәселен, Теректі ауданындағы кәсіпорында гольштейн және семинтал тұқымды 400 бас сиыр сауылады. Шаруашылық мемлекеттен қаржылай көмек алып, мал басын мыңға дейін көбейткен. Асыл тұқымды түліктің әрқайсысы күніне 15-20 литр сүт береді. Желі толығымен автоматтандырылған. Тәулігіне 6 тоннадай сүт өндіреді.

Әлмұрат Қосмағамбетов, тауарлы сүт фермасының басқарушысы:

Қазір сауын жүріп жатыр. Мұнда екі операторымыз бар. 20-20-дан 40 бас кіреді. Аппараттарын кигізіп, 15 минут ішінде сауып шығарамыз. Биыл сүрлем мен шөпті жақсы дайындап алдық. Бір жылдық азықты жинап алдық деп есептеймін.

Шаруалардың енді бірі су үнемдеу технологиясын қолданып, суармалы алқаптан мол өнім алып отыр. Соңғы жылдары 160 жаңбырлатып суару техникасы сатып алынған. Бұл жүйе тіршілік нәрін 4 есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылайша суармалы алқап көлемі 15 мың гектарға жетіп, соңғы 5 жылда екі есеге артқан.

Жасұлан Халиуллин, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Мемлекет тарапынан 80%-ға дейін инвестициялық шығындарын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Облыстық бюджеттен 3 млрд теңге қаражат бөлініп, суармалы алқаптарды енгізу жобалары қаржыландырылды. 11 жоба мақұлданып, 2900 гектардан астам алқап жаңадан айналымға енгізілуде.


Бөлісу