Басты Жаңалықтар 1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді банк клиентке несие бермес бұрын арнайы сауалнама жүргізуге міндетті. Бұл талаптың басты мақсаты - алаяқтықтың алдын алу. Сонымен не өзгереді? Жаңа талап қандай болады? Самал Қабышева рет-ретімен түсіндіреді.

Онлайн несиеге - жаңа талап.  1 қазаннан бастап онлайн тұтынушылық несие рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді банк несие бермес бұрын клиентке арнайы сауалнама жүргізеді. Онда бірнеше нақты сұрақ бар. Несиені кім ұсынды? Банкке өзіңіз жүгіндіңіз бе? Ақшаны не үшін алып жатырсыз?Несие шарттарымен таныстыңыз ба? Біреу сізді асықтырып немесе қысым көрсетіп жатқан жоқ па? деген сұрақтарды қояды.

Мақсат – алаяқтардың ықпалымен несие алып жатқан азаматтарды дер кезінде анықтау. Банк тарапынан күмән туса, қосымша тексеру жүргізеді. Қажет болса, рәсімдеуді тоқтатады немесе несие беруден бас тартады. Ал дербес деректердің заңсыз тарағаны анықталса, қауіпсіздік шаралары күшейеді. Банк клиентті қайта биометриялық сәйкестендіреді. Телефон нөмірінің кімге тиесілі екенін тексереді. Клиенттің өзіне хабарласып, ескертеді. Тағы бір маңызды талап -  онлайн несиеге қатысты операциялар, транзакциялар, SMS және push-хабарламалар сияқты деректер кемінде бес жыл сақталады. Қайта қаржыландыруда да өзгеріс бар. Жаңа банк қарыз ақшасын клиентке бермей, бұрынғы банктің немесе микроқаржы ұйымының шотына тікелей аударады. Қаражат бес жұмыс күнінен кешікпей ескі қарызды өтеуге жұмсалады. Ал  біреу телефон арқылы асықтырып, «несие алыңыз», «ақшаңызды қорғаңыз», «бұл туралы банкке немесе жақындарыңызға айтпаңыз»  деп нұсқау берсе, күмәндануға негіз бар. Банк қызметкерлері ақшаңызды қорғаңыз, деп ешқашан хабарласпайды, хабарлама жібермейді.  Сондықтан онлайн несие аларда асықпай, ешкімнің қысымына ермей несие шарттарын мұқият тексеру  -  маңызды.

Бөлісу