Ұстаздық – әулет дәстүрі
Биылғы оқу жылында елімізде 4,1 миллион бала білім алады. Оның 380 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Балаларға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру үшін 57 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім саласының инфрақұрылымы осылайша жақсарып келеді. Алайда сапалы білім негізі – ең алдымен білікті ұстаз екені сөзсіз. Мұғалімдердің кәсіби мерекесінде жалпы еңбек өтілі 126 жылдан асқан ұстаздар династиясы жайлы айтпақпыз. Семейлік Отынбаевтар әулеті үшін мұғалімдік қызмет – жай ғана кәсіп емес, ұрпақтан-ұрпаққа дарыған дара жол. Гүлмира Отынбаеваның ұстаздық жолына биыл 42 жыл. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі осы уақыт ішінде ұлттық мұраны дәріптеп, шәкірттерінің өнерге деген қызығушылығын оятты.
Гүлмира Отынбаева, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
Біз үйде отырғанда әртүрлі, өзіміздің жұмысымызды айтып отырамыз. Біреуіміз тіккен көрпемізді, біреуіміз айтқан өлеңімізді біреуіміз ойнаған аспабымыздың оқушыларға қалай үйреткенімізді үйде талқылап отырамыз. Өнер саласында ұстаздықты да екеуін қатар алып жүріп жатырмыз.
Отағасы Озат Отынбаев та бүкіл саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған. Ол 41 жыл тарих пәнінен мұғалім болды. Жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз құрметті демалыста. Бес бала өсіріп, сегіз немере сүйіп отырған әулеттің барлық перзенті білім мен мәдениет саласын таңдаған.
Озат Отынбаев, ардагер ұстаз:
Біздің арамызда жүрген соң балаларда жастайынан жақын болды. Бізбен енді тоқтасын деп айттық. Сендер басқа мамандықты таңдаңдар, балалар, дедік. Оған балалар айналып айналып келді де, осы музыкадан шыға алмады. Сол өнердің маңайында барлығы.
Әулеттің кенжесі Ергелді биыл маман атанып, Семейдегі өнер мектебінде еңбек жолын бастады. Ата-анасының жолын жалғастыру – үлкен жауапкершілік әрі ұстаздар династиясының дәстүріне деген адалдық дейді.
Ергелді Отынбаев, музыка пәнінің мұғалімі:
Қазір менде 14 оқушы бар. Бәрі жақсы ойнайды. Өте қатты қызығушылықпен келеді, кейде менен ерте келіп алып, күтіп отырады. Флейта деген алған бетте ойнап кететін аспап емес қой. Оқушылардың қызығушылығы қатты.
Ұстаздар әулеті «Еңбек жолы-2026» республикалық байқауында топ жарып, «Үздік еңбек әулеті» атағын жеңіп алды. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан ұрпақ сабақтастығы мен адал кәсіпке берілген әділ баға іспеттес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы