Басты Жаңалықтар Жоғары білім: 7 жылдағы нәтиже мен жетістік

Жоғары білім: 7 жылдағы нәтиже мен жетістік

Елімізде соңғы жеті жылда гранттар саны артып, оған 1,5 триллион теңге бағытталған екен. Жалпы, студенттерге деген мемлекеттік қолдау күшейіп, шәкіртақы да өскен. Оған қоса студенттерді жатақханамен қамту мәселесі шешіле бастады, отандық университеттердің шетелдік оқу орындарымен әріптестігі нығая түсті. Жоғары білім саласында тағы қандай өзгерістер бар? Жазира Оразқызы баяндайды.

Соңғы 7 жылда жоғары білімге мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайды.

Мәселен, осы кезеңде студенттерге 655 мыңнан астам білім гранты бөлініп, оған 1,5 триллион теңге бағытталды. Оған қоса жыл сайын білім алушыларға берілетін шәкіртақы көлемі артып жатыр. Бүгінде бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 52 мың теңгеге, ал педагогикалық ғылымдар бағытында 84 000 теңгеге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Магистранттардың шәкіртақысы 117 мың теңгеден асып, осы кезеңде 2,2 есеге артты. Ал докторанттардың шәкіртақысы 262 мың теңгеге дейін өсіп, 3,2 есеге көбейді. Студенттердің айтуынша, мұндай қолдау оқу мен кәсіби дамуға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Жоғары білім сапасын арттыруда оқытушының кәсіби біліктілігі де маңызды. Осы мақсатта педагогтардың шетелде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалған. Мәселен, Айнұр Құттыбаева Польша мен Ресейде электроника және байланыс саласындағы жаңа технологияларды меңгерген. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе жоғары білімнің заманауи талаптарға сай дамуына ықпал етеді.

Айнұр Құттыбаева, Экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор:

Біраз нәрсені үйреніп келдік қосымша өзіміздің білімімізге сәйкес. Бірақ біздің Қазақстанда да білім өте жеткілікті. Біздің университетіміздің қабырғасында болатын барлық құрылғылар сол заманауи талаптарға сай. Студенттерге көптеген телекоммуникация байланыс жүйесі салаларында көптеген білімдерді көрсете аламыз.

Жоғары білім саласындағы халықаралық байланыстар да кеңейіп келеді. Бүгінде елімізде 12 мемлекеттің жетекші университеттерінің 33 филиалы жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелдік оқу орындарымен бірлескен және қос дипломды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Ержан Әмірбекұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасы:

Бұларда оқып жатқан студенттердің мүмкіндіктері ерекше. Біріншіден, олар Қазақстанда шетелдік бағдарламамен білім алуға мүмкіндік алады. Екіншіден, олар белгілі бір кезеңде сол шетелдік университетке барып өздерінің білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алып отыр.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде еліміздегі 116 жоғары оқу орнында 800 мыңнан астам студент білім алып, 38 мың оқытушы еңбек етеді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер – жатақхана мәселесін шешу, ғылым мен цифрландыруды дамыту және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау. Себебі, сапалы білім – елдің адами капиталын қалыптастыратын және болашақ дамуына жол ашатын басты инвестиция.

Бөлісу