Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Оман экономикалық байланысты нақты жобалармен күшейтпек

Қазақстан мен Оман экономикалық байланысты нақты жобалармен күшейтпек

Қазақстан мен Оман экономикалық байланысты нақты жобалармен күшейтпек. Екі ел басшылары Доңға мұнай кен орны, тау кен өндірісі және бірлескен инвестициялық қор жобаларын талқылады. Көлік пен логистикаға да басымдық берілді. Екі ел арасында жаңа әуе рейстері ашылмақ. Бұдан бөлек Оман тарапы өз порттары арқылы Қазақстан тауарларын Үнді мұхиты, Азия және Африка нарықтарына шығаруға мүдделі. Астанадағы келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

Астанада екі күн қатарынан қар жауып, күн суытты. 35 градус ыстықтан келген омандықтар үшін таңсық, әрине. Дегенмен Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты рәсім жылы шырайда өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды сый-құрметпен қарсы алды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Хайсам бен Тарик әл Саид – үш ғасырға жуық Оманды билеп келе жатқан Әл Бу Саид әулетінің өкілі. Ол – Оксфорд түлегі. Ал сұлтан тағына 2020 жылы отырған. Қасым-Жомарт Тоқаев секілді саяси жолын дипломатиядан бастаған. Сыртқы істер министрлігінде ұзақ жыл қызмет етті. Сондықтан екі басшыға халықаралық саясаттың тілі де, тәртібі де жақсы таныс.

Осыдан кейін келіссөз екеуара әңгімелесуден басталды. Президент сұлтан сапарын тарихи деп бағалады. Оман басшысының Орталық Азияға табаны алғаш тиіп отыр. Жалпы бұл араб елі – монархиялы мемлекет. Бар билік сұлтан қолында. Әлемдік саясатта арағайын ретіндегі рөлі беделді. Жаһандық сауда-саттықта да орны үлкен. Ең маңызды теңіз жолдардың бірі Ормұз бұғазының біраз бөлігі осы елдің аумақтық суларына тиесілі. Халық саны 5 миллион 700 мың. Бай-қуатты ел. Мұнай-газ қоры мол. Тарихы да тереңнен тамыр тартады.

Айдарбек Тұматов, ҚР Оман сұлтандығындағы төтенше және өкілетті елшісі:

Бұрыннан бастап үлкен империя болған. Оман сұлтандығына Әмірліктер, Катар, Бахрейн кірген болатын. Сосын Шығыс Африка Оман сұлтандығының жері болған. Ең бірінші астанасы Занзибар болған.

Сұлтанмен бірге елімізге үлкен делегация ере келген. Министрлер, кәсіпкерлер, ұлттық компания басшылары бар. Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазір екі ел арасындағы алыс-беріс көп емес. Былтыр 900 мың долларға жуықтады. Тараптар 5 ірі жобаны жүзеге асыруға әзірленіп жатыр. Олардың жалпы құны шамамен 3 миллиард доллар. Әрине мұнай-газ саласындағы әріптестік тағы бар.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Біздің еншілес компания «Қазмұнайгаз» Оманның ұлттық мұнай компаниясымен тиісті келісімге қол қоятын болады. Бұл келісімге сәйкес, екі компания Қазақстанда да, Оманда да мұнай жобаларын жүзеге асырады.

Экономикалық әріптестікті жандандыратын жаңа тетіктер де пайда болады. Қазақстан мен Оман бірлескен инвестициялық қор құруға келісті. Оған 150 млн доллар бөлініп, жаңа кәсіпорындар ашуға және ортақ жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Сондай-ақ екі елдің Іскерлік кеңесі жұмысын бастайды. Президент бұл бастамалар уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. 

Әріптестік әлеуетінің тағы бір маңызды бағыты – логистика. Қазақстан Оманның порттарына қызығушылық танытып отыр. Сухар, Салала және Дукм порттары Араб теңізіне шығады. Осылайша елімізге Парсы шығанағы, Оңтүстік Азия мен Африка нарықтарына жол ашуға мүмкіндік бар. 

Хайсам бен Тарик әл Саид, Оман сұлтаны:

Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз.

Былтыр Қазақстанды тамашалау үшін 16 мың Оман азаматы арнайы келген. Бұл сан еселенуі мүмкін. Қазір Алматы мен Масқат арасында тікелей рейс бар. Енді Астанадан әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр.

Салах бин Салем Джабуб, Оман сұлтандығының Қазақстан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:

Астана мен Оман арасында тікелей әуе рейсінің ашылуын күтіп отырмыз. Бұл туристер үшін жаңа мүмкіндік болады. Оман қазақстандық саяхатшыларды қабылдауға дайын. Сонымен қатар туристік аймақтарда бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастық әлеуеті өте жоғары.

Келіссөздерде саяси ықпалдастыққа да мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Оманның өңірлік тұрақтылықты сақтаудағы және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешудегі рөлін жоғары бағалады. Оның айтуынша, Маскат түрлі тараптар арасында диалог орнатып, бейтарап делдал ретінде танылған. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Сұлтан Хайсам бен Тариктің екі ел арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Оман басшысы Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түрлі тараптар арасына дәнекер болып, өзара түсінісуіне талай мәрте ықпал еттіңіз. Осы алғырлығыңыз Оманды өңірлік және халықаралық қатынастарда салмағы бар елге айналдырды. Біз бұл ұстанымды жоғары бағалаймыз. Еліңіз шын мәнінде әділ әрі ешкімге бұра тартпайтын бейтарап мәмілегер саналады. Сіздің тарихи сапарыңыз Қазақстан мен Оман арасындағы екіжақты қатынастар жылнамасында маңызды кезең ретінде жазылады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қазақстан мен Оман арасындағы келіссөздер аяқталды. Тараптар инвестиция, сауда және көлік салаларындағы әріптестікті жаңа жобалармен нығайтуға уағдаласты. Президенттердің қатысуымен 9 құжатқа қол қойылды. Жалпы сапар аясында 20 келісім жасалып, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалды.

Бөлісу