Елімізде цифрландырудың жаңа кезеңі басталды
Ірі қалалардағы көлік кептелісі жасанды интелектінің көмегімен реттеледі. Олжас Бектенов жаңа жобаны сынақтан өткізу туралы тапсырма берді. Үкімет отырысында цифрландырудың барлық саласындағы жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды. Әріптесім Оңғап Алпысбайұлы ретімен түсіндіреді.
Президент Қазақстанды цифрлық хабқа айналдыру міндетін қойғаны белгілі. Осыған орай 20 бағыттан тұратын «Digital Qazaqstan» стратегиясы түзілді. Қазір eGov GPT арқылы 51 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың саны 150-ге жеткізілмек. Орталықтағы жұмыс ойдағыдай болғанымен облыстарда олқылықтар бар.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Өңірлерде Smart City шешімдері енгізілуде. Алайда жүйелі тәсіл әзірге қалыптаспаған. Шешімдер бір-бірінен бөлек дамып, өзара интеграцияланбаған. Осы ретте Астана қаласы әкімдігінің жұмысын ерекше атап өткім келеді.
Премьер-министр ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін учаскелерде қозғалыс легін жасанды интелектінің көмегімен реттеуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, екі ай мерзімде ірі қалалардағы көлік ең көп жүретін учаскелерді анықтап, онда қозғалыс легін интеллектуалды басқаруды пилоттық режимде іске қоссын. Нәтижесі бойынша ең тиімді шешімдерді кеңінен тарату қажет.
Интернетті қолжетімді етуді арттыру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Кез келген нүктеде хабарлама жіберіп, базалық интернет қызметтерін пайдалануға мүмкіндік беретін байланыс түрі жуырда толық іске қосылмақ. Пойыздар мен ұшақтардағы байланыс та күшейтіледі. Осы айда Қазақстан мен Әзербайжанды Каспий түбімен байланыстыратын талшықты-оптикалық желі іске қосылады. Цифрландырудың экономикалық тиімділігі де бар. Мемлекеттік қаржыны цифрландыру арқылы 1,5 трлн теңге үнемделген. Фискалдық деректерді пайдалану есебінен жыл сайын 200 млрд теңге шығын қысқартылмақ.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
Ең бастысы – цифрландыру нақты қаржылық нәтиже беруде. Цифрландыру есебінен қосымша түсімдер 410 млрд теңгені құрады. Яғни ақпараттық мәліметтер тек бақылау құралы емес, сонымен қатар бюджеттің қосымша кіріс көзіне айналып жатыр.
Цифрлық шешімдер экспортқа да бағытталған. Былтыр Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд АҚШ долларынан асты. 2029 жылға қарай IT-экспортты кемінде 2 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Цифрлық трансформацияның түпкі мақсаты – жай ғана технологияны енгізу емес, оның нақты нәтижесін көру, жұмысты жеңілдетіп тиімділікті арттыру. Мемлекеттік қызметтен бастап, көлік, байланыс, өндіріс пен жасанды интеллектке дейінгі бағыттар бір жүйеге біріктірілмек. Ал 2029 жылға дейінгі міндет – осы мүмкіндіктерді экспорттап, экономикалық өсімге және халықтың өмір сапасын жақсартуға үлес қосу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы