Басты Жаңалықтар Шемішкенің сабағы да кәдеге жарайды: Абай облысындағы жаңа өндіріс

Шемішкенің сабағы да кәдеге жарайды: Абай облысындағы жаңа өндіріс

Кез келген жетістік еңбекпен келеді. Елімізде өз кәсібін дамытып, нәтижесін еселегендер аз емес. Мысалы Абай облысы, Жарма ауданындағы диқан Мұқтар Тойғылды өңделген өнім өндіруге бет бұра бастаған. Қолданыссыз бос жатқан алқаптарды игеріп, су үнемдеу технологиясын енгізген. Енді күнбағысты шикізат емес, дайын өнім етіп шығаратын өндірісті іске қоспақ.

Жарма ауданындағы шаруа Мұхтар Тойғылды биыл егістік алқабын ұлғайтып 4 мың гектарға жеткізген. Тамшылатып суарған күнбағысы бітік шықты. Енді тиімді ұқсату үшін шемішкені қалдықсыз өңдейтін зауыт салып жатыр. Өндірісте қосымша тамшылатып суаруға қажетті таспа да шығарылмақ.

Мұхтар Тойғылды, кәсіпкер:

Былтырғы, алдыңғы жылдары бастағанда егіп шығарамыз да, Өзбекстаннан басқа елдерден келіп шикі күйінде, арзан бағаға алып кететін. Биыл осы зауыт іске қосылғаннан кейін ешқандай отход қалмайды. Біріншіден өңдеп осы жерден жібереміз. Дайын өнімді береміз. Екіншіден сабағын өңдеп, жем қылып қылып, комбикорм қылып шығарамыз.

Кәсіпкердің айтуынша, тазаланған шемішкеге Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мен Қытайдан сұраныс көп. Қазірдің өзінде келісім-шарттар жасалған. Күніне 180 тоннаға дейін шемішкені өңдейтін зауыт жақын арада іске қосылмақ.

Бекжан Серікханұлы, жоба үйлестірушісі:

Жалпы жобаның құны 4 миллиард теңге. Жалы ала шемішке сақтайтын қойма және зауыт қондырғылары. Кептіру және өңдеу зауыты. 4 мың шаршы метр қойма. Бұл заман талабына сай ең ақырғы технологиямен салынып жатқан жоба. Автоматтандырылған.

Биыл Жарма ауданда 36 мың гектар жер игерілген. Майлы және дәнді дақылдан мол түсім бар. Шаруалардың ісін ширату үшін мемлекет қолдауы да жан-жақты.

Гүлназ Әбішева, Жарма аудандық а/ш бөлімінің басшысы:

2026 жылы 1,5 миллиард теңге «Кең дала 2» бағдарламасымен аудан бойынша 9 шаруа қожалығы жеңілдетілген несие алды 5 пайызбен. Оның ішінде субсидиялар бар. Қазылған құдықтарға субсидиялар бар. Сатып алған мал басына, егістікке алып отыр. Тұқымға алып отыр. Сатып алған ауыл шаруашылық техникаларына сайт арқылы тапсырып көмектерін алып отыр.

Жарма ауданындағы бастама – өңірде шикізатты терең өңдеуге бет бұрған жобалардың бірі ғана. Облыста алдағы екі жылға арналған жол картасы жасалып, құны 112 миллиард теңгеден астам 19 инвестициялық жоба жоспарланған.

Бөлісу