Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында мәдени нысандар салуға ₸6 млрд бөлінген

Жамбыл облысында мәдени нысандар салуға ₸6 млрд бөлінген

Жамбыл облысында Президент тапсырмасы бойынша соңғы 7 жылда 45 мәдени нысан бой көтерді. Биылдың өзінде аймақта осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін 6 млрд теңге бөлінді. Қаржыға 9 нысан салу жоспарланса, оның 5-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Қаладағы «Көне Тараз» кешені елдегі бірегей мәдени орталық. Мұнда Тарихи-өлкетану музейі, Көркем сурет галереясы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану ғимараты және туристік ақпараттық орталық орналасқан. Сондай-ақ ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы бар. Нысандар 2019 жылы Президент тапсырмасымен 3 млрд теңгеге жуық қаржыға салынды.

Сауран Қалиев, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры:

Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасы бар. Рухани, мәдени тынығатын, жайлы, қауіпсіз ғимараттар болу керек деген. 2004 жылы құрылған мекеме болатын болсақ, 2004 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта осы Тараз қаласындағы әкімшілік бос тұрған ғимараттарда көшіп қонып жүрген болатынбыз. Ал қазір нөмірленген мекеме, ғимаратта орналасып отырмыз.

Жалпы өңірде соңғы 7 жылда ауылдық деңгейде 45 мәдени нысан салынды. Ал биыл 6 млрд теңгеден астам қаржыға 9 мәдениет үйін салу жоспарланса, оның 5-і жыл аяғында ашылады. Қалғаны 2 жылда ел игілігіне беріледі. 

Рахат Асылбеков, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы:

Сонымен қатар бізде 2026-2030 жылдарға арналған Өңірлік стандарттау жүйесі бар. Бұл жерде жалпы облыс бойынша қажетті мәдени нысандардың көлемі бар. Бізге ол жерден 34 жаңа нысанның қажеттілігі, 28 мәдени нысанның күрделі жөндеу қажеттілігі бар. Сонымен қатар Жамбыл облысының 2026-31 жылдарға арналған даму жоспары. Бұл жерде біз жаңадан 19 мәдени нысанын салуды жоспарлап отырмыз.

Ал қазір облыс орталығында 811 млн теңгеге «Этноауыл» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы аймақта 507 мәдени мекеме бар. Оның 16-сы облыстық басқармаға, 491-і қала мен аудан әкімдіктеріне қарайды.

Бөлісу