27 жас Мемлекеттік күзет қызметіне аттанды
Шымкенттен 27 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Жас жігіттердің бірі оқуын уақытша тоқтатып, бала күнгі арманын орындауды таңдаса, енді бірі әулеттегі әскери дәстүрді жалғап, Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырмақ. Жас сарбаздарды шығарып салуға ата-аналары мен туған-туыстары жиналып, сәт-сапар тіледі.
Иманғали Әбілқасымұлы бүгін студенттік өміріне уақытша үзіліс жасап, әскери сапқа қосылғалы тұр. Заң факультетінің екінші курсында оқып жүрген жас жігіттің бұл шешімі аяқ астынан келген жоқ. Қару ұстап, ел тыныштығын күзету оның бала күнгі арманы. Борышын өтеген соң оқуын бітіріп, әскери қызметті жалғастыруды жоспарлап отыр.
Иманғали Әбілқасымұлы, сарбаз:
Әр азаматтың борышы, әскерден қашпау керек, борышты өтеу керек. Бала күнгі арманым бұл. 2 курстан бастап тоқтатып жатырмын. Болашақта 1 жылдан кейін келіп жалғастырып, ары қарай әскери өмір. Контрактпен қалып жұмыс істеймін деген ойым бар.
Салтанатты шығарып салу рәсіміне шаһар басшысының бірінші орынбасары, Қарулы күштер ардагерлері мен сарбаздардың туған-туыстары жиналды. Жақындары жас сарбаздардың жүктелген міндетті абыроймен атқарып, аман оралуын тіледі. Ал ата-ананың көңілінде қуаныш пен қимастық қатар өрілді.
Нұргүл Жүнісова, ата-ана:
Колледжден кейін оқу орнына түс дегенімде жоқ мен армияға барып қайтамын деп оқуын кейінге қалдырды. Борышты өтеу керек, мен өзім үйде 4 ағайындымыз, төртеуіміз де әскери қызметшіміз. Балам да отан алдындағы міндетін атқарамын деп кетіп жатыр. Қуаныштымын, өйткені мемлекет басшысының қасына бара жатыр.
Алда жас сарбаздарды тәртібі қатаң, жауапкершілігі мол әскери қызмет күтіп тұр. Мемлекеттік күзет қызметінде Шымкенттен аттанған 27 жауынгер ел үшін маңызды нысандар мен жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұнда әр сарбаздан қырағылық пен мықты дайындық талап етіледі.
Әбдіғабит Шегебаев, қалалық қорғаныс істері департаментінің басшысы:
Бүгін біз мемлекеттік күзет қызметіне бізге берілген тапсырма көктемде 27 болды, 27 адамды көктемде жібердік. Күзде тағы 27 адамды беріп отыр, оны да біз орындадық 11-ші қазан күні біз шығарып саламыз.
Салтанатты шара аясында жас сарбаздарға елдің басты құжаты Жаңа Конституция кітабы табысталды. Айта кетейік, биыл көктемгі шақырылымда 1200 азамат әскери ант қабылдаса, күзде тағы 1200 жігіт әскерге аттанады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы