Вице-Президент этносаралық келісімді нығайту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді
Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен этносаралық келісімді одан әрі нығайту, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтқан бастамалары мен тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне арналған республикалық жұмыс кеңесі өтті. Жиында Ерлан Қарин қоғамда Президенттің негізгі ұстанымдарын ілгерілету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ Вице-Президент Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы азаматтардың этносаралық келісім, қоғамдық диалог және өңірлерді дамыту мәселелеріне қатысты сұраныстарын жинақтап, оларды топтастыратын орнықты қоғамдық алаң қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс басталғанын атап өтті. Бұдан кейін жиында этносаралық және конфессияаралық келісімді конституциялық құндылық ретінде орнықтыру мәселесі қаралды. Ерлан Қарин жаңа Конституция қабылданып, негізгі билік институттарының қалыптасуына байланысты заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшу үдерісі жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, ішкі саясаттағы маңызды бағыттардың бірі – қоғамда Конституцияда бекітілген мемлекеттік қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыру. Оның ішінде Заң және Тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, ұлт бірлігін нығайту айрықша маңызға ие. Сонымен қатар кеңес барысында «Заң және Тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүйелі әрі нақты іске асыру мәселелеріне назар аударылды. Ерлан Қариннің айтуынша, Президенттің аталған бастамаларының мән-маңызы бір-бірімен байланысты әрі жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға бағытталған өзара сабақтас дүниелер. Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі мемлекеттік органдар қызметін тұрақты үйлестіруді және қоғамдық институттармен өзара жүйелі іс-қимылды талап ететінін еске салды. Вице-Президент кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға өзара іс-қимылдың әлдеқайда тиімді тетігін қалыптастыру және этносаралық келісімді одан әрі нығайту үшін жұмыс тәсілдерін жетілдіруді тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы