Ұ. Мырзуанның өліміне қатысты сот ісі прокуратураға қайтарылды:Тағы кімдер жауапқа тартылады?
Астанада үйдің қасбеті опырылғанда зардап шеккен адамдарға көмекке барған жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өзі мерт болған оқиғаға қайта тоқталамыз. Адамның қаза тапқаны – трагедия. Екіншіден, үйлердің сапасына байланысты сұрақ көп уақытта «тағы сондай болмай ма?» деген уайым «бүйректен сирақ шығару» емес.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Иә, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот ісі прокуратураға қайтарылды. Бұған дейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тек сол үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс қана қаралып, ол «міндетін адал атқармады» деген баппен сотқа тартылған болатын. Яғни қауіптің алдын алмады, тұрғын үй маңын қоршамады, тексеру жұмыстарын жүргізбеді деген айыппен. Ал құрылыс салушы мен лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығарылған еді. Бірақ 1 қазанда қорғаушы тарап, яғни марқұм Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот тергеуін қайта бастау туралы өтініш білдірді. Ол Жұбаниязоваға қатысты іс пен құрылыс салушы және лауазымды тұлғаларға қатысты істі біріктіре отырып, қайта қарауды сұрады.
Нұрсұлтан Орынбеков, Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты:
Біздің мақсатымыз – тек біреуді соттау емес. Иә, адам қайтыс болды, оны қайтара алмаймыз. Бірақ тек бір адамды соттау үшін соттап, нақты кінәлілерді анықтамау – қоғам алдындағы жауапкершілік. Бұл келешекте теріс практика қалыптастыруы мүмкін. Үй салатын адамдар: «А, мен үйді өткіземін, кепілдік мерзімі біткеннен кейін не болса, ол болсын» деген түсінікпен жүреді. Сондықтан біз тек МИБ төрағасына ғана үкім шыққанын қаламадық.
Енді айыпты – қасбеті құлаған үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова ғана емес, құрылысты салған компания немесе қабылдаған бақылаушы органдар да жауапқа тартылуы мүмкін. Іс қайта қаралып, тергеледі. Ұлдана Мырзуанның өліміне себеп болған сол тұрғын үй елордадағы Тәуелсіздік даңғылының бойында орналасқан. Салынғанына 20 жылдан асқан көппәтерлі баспананың сапасына сын көп. Мысалы, әу баста 5 қабат деп жоспарланғанымен, іс жүзінде 9 қабатты үй және техникалық қабат салынған.
Нұрсұлтан Орынбеков, Ұлдана Мырзуанның анасының адвокаты:
Сынған кірпіштер, арнайы салынатын торлардың болмауы, сыртқы қасбет пен ішкі қабырға арасында байланыстың болмауы – құрылыс талаптарының өте өрескел бұзылуы. Ал оны кім қабылдап алды? Әрине, құзырлы орган қабылдап алды. Иә, арада 20 жыл өтіп кетуі мүмкін, бірақ 60 жыл бойы сапалы тұрған үйлер бар ғой.
Еліміздегі тұрғын үйлердің 70 пайызы – ескі, ал 30 пайызы – жаңадан салынған баспаналар. Бірақ бар кілтипан сол бертін салынған үйлерге қатысты. Бұған дейінгі сюжеттерімізде айтқанымыздай, құлаған кірпіштер, қабырға мен қасбеттің арасындағы саңылаулар, инженерлік жүйедегі ақаулар, тұрғын үйдің санатына сай келмеуі секілді кемшіліктер өте көп. Әрине, сапалы салынатын үйлер де бар. Десе де, кейбір құрылыс компаниялары ол үйлерде адам өмір сүретінін естен шығаратын сияқты. Егер Ұлдана Мырзуанның өліміне байланысты сотта барлық кінәлі тарап әділ жазасын алса, үйдің сапасына салғырт қарайтын компанияларға бұл сабақ болар еді.
2019 жылы осы саланы реформалау мақсатында бұрынғы пәтер иелері кооперативінен мүлік иелері бірлестігіне біртіндеп ауысу жұмысы басталды. Мұндағы мақсат – әрбір тұрғын үй өз қаржысын өзі басқаруға көшуі тиіс. Ал тұрғындар сайлаған төрағалар көпқабатты үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстау, жылдық смета әзірлеп, шығындарды есептеу, қажет жағдайда күрделі жөндеу жүргізуді ұйымдастыру, үйдің ауласын тазалап, еденін жуатын қызметкерлердің жұмысын үйлестіру секілді міндеттерді атқаруы керек.
Павел Шульгин, Республикалық кондоминиумдарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы:
«Тұрғын үй қатынастары» туралы заңның 51-1-бабында былтыр ғана толықтырылған өте түсініксіз тұсы бар. «Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы тұруына жауап береді» деп жазылған. Бірақ нақты тарқатып түсіндірілмеген. Жайлылық деген – біреу үшін есік алдында ән салу болса, біреу үшін – тыныштық. Ал «қауіпсіздік» деген сөздің ауқымы тіптен кең.
Нұржан Байбосынов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы:
Өзіне жүктелген міндетті атқармаса, әрине, жауап береді. Мысалы, қауіптің алдын алмаса, тексеру жасамаса, қандай да бір апаттық жағдайды ортақ жиналысқа салмаса, алдын ала жоспарламаса, заң шеңберінде құзырлы органдар баға береді.
Заңның дәл осы тұсына қатысты қазір дау көп. Иә, мамандар тұрғын үйдің ортақ мүлкіне визуалды бақылауы тиіс. Бірақ:
Павел Шульгин, Республикалық кондоминиумдарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы:
Олар – сол саланы жетік меңгерген кәсіби мамандар емес. Кейбірі техникалық бақылау жүргізуді де білмейді. Олар – тұрғындардың қалауымен сайланған қарапайым адамдар. Бұл мамандардың қызметтік инструкциясы заңда анық жазылмаған. Меніңше, осы тетікті түзеп, заңға өзгерту енгізу қажет. Әрі арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы курс өткізіп, мүлік иелері бірлестігінің жетекшілерін оқыту керек деп ойлаймын.
Жандос Ахметов, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
Тұрғындар, құзырлы органдар өзінің ойынан алып, мойнына іле береді, жаңағы, сіздер мына жерде былай міндетсіздер, жаңағы заңда ол еш жерде көрсетілмеген. Сол себепті нақты бекітсе екен. Сол қағазды көрсетіп жүріп шешім қабылдайтын едік.
Тұрғындардан жиналатын жарна үш бағытқа жұмсалады: ағымдағы жарна – үйді күнделікті күтіп ұстауға, жинақтаушы жарна – күрделі жөндеу жүргізуге, нысаналы жарна – тұрғындармен келісілген мақсатты жобаларға жұмсалады. Бірақ бұл – ауыз толтырып айтатындай көп қаражат емес. Осы тарифтердің ішінде тұрғын үйге жыл сайын техникалық тексеру жүргізетін қаражат қарастырылмаған. Сала мамандары тариф жүйесіне соны да қосса дейді, өйткені сараптама жүргізудің құны арзан емес. Тағы бір маңызды мәселе – жауапты мамандардың күн тәртібі жүйеленбеген, 24/7 халықпен байланыста болуы тиіс, еңбек шарты анық жазылмаған, жалақы көлемі де тұрғын үй кешенінің көлеміне байланысты әртүрлі, нақты көрсеткіш бекітілмеген. Бұл факторлар, әлбетте, кадр тапшылығына әкеледі.
Нұржан Байбосынов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бас сарапшысы:
Бұл – Еңбек кодексі ғой. Еңбек кодексімен реттелуі керек. Еңбек кодексіне мен түсініктеме бере алмаймын.
Жандос Ахметов, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
Мына айғай-шудан кейін біраз төраға жұмысын тастап кетіп жатыр. Біріншіден, айлық аз, көбінесе зейнеткерлер жұмыс істейді. Табылған маманның да деңгейі бұл жұмысқа сәйкес келмей жатады. Мұнда жұмыс істегің-ақ келеді, тек бәрі реттеліп тұрса, дұрыс болатын еді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің маманы көппәтерлі тұрғын үйлерге жоспарлы да, жоспардан тыс та тексеру жүргізілмейтінін айтты. Тіпті МИБ жұмысын жүйелеу бағытында жаңағы айтылған мәселелерге қатысты қандай да бір ұсыныс әзірлеу, яки заңға өзгеріс енгізу жұмысы да қарастырылмаған. Соған қарағанда, олар да тұрғындар секілді бар міндетті Мүлік иелері бірлестігінің жетекшілеріне артып қойғандай.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы