Басты Жаңалықтар Astana Media Week 2026 басталды

Astana Media Week 2026 басталды

Бүгін Орталық Азиядағы ең ірі медиафорумның бірі - Astana Media Week  басталды. Осымен 10-рет ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шараның бағдарламасында биыл бірқатар өзгеріс бар. Биыл алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары табысталады.

5 жарым мыңдай телевизия, баспасөз, интернет және радио өкілі. Медиа саласының үздіктері бүгін бір алаңға жиналды. Astana Media Week-те биыл жасанды интеллектінің медиаға ықпалы талқыланып жатыр.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

Біздің медиа сала соңғы 2-3 жылда кәдімгідей өзгерді. Мысалы, «Хабар», Ұлттық арналардың қосымшалары бар. Мысалы, «Qazsport» арнасын көпшілік қазір интернет арқылы қарайды. Олардың цифрлық платформалары өте дамыған. Яғни, сайтқа кірмей-ақ, ютуб арқылы олардың ақпаратын алуға болады.

Жасанды интелектінің журналистикаға берері көп. Тек технологияның қыр-сырына ден қою керек. Мәселен, әуелі мәтінді қазақ тілінде жазып, кейін оны 100-ден астам тілге аударуға болады. Бірақ чат джипити не аудармаға арналған қарапайым қосымша арқылы емес, арнайы платформаларды меңгеру керек. Яғни, жолын тапқандар енді халықаралық журналистикаға оңай бет бұра алады. Бүгінгі форумға Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркиядан  келген медиа жетекшілер осы тақырыпта дәріс оқып, тәжірибе бөлісті.

Нежат Унсал, IT компанияның бас директоры:

Жасанды интеллект білікті журналистің материалдарын бірнеше тілге аударады. Қазір IT компаниялар арнайы бағдарлама жасақтап жатыр. Әрине, жасанды интеллект журналисті толық алмастыра алмайды. Бірақ біз оны басқаруды үйренуіміз керек.

Надира Тудор, Euronews телеарнасының Әзербайжандағы бюро жетекшісі: 

Мен біраз ауқымды форумда болдым. Бірақ Қазақстандағы медиа уиктің орны бөлек. Бәрі расында жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Пікірталас, баяндамалар мазмұнды әрі мағыналы болды. Форумға қатысқаныма қуаныштымын. Бұл мүмкіндікті берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын.

Форумның басты жаңалығы – биыл алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталады. Байқауға 12 аталым бойынша барлығы 600-ден астам журналист өтінім берді. Ақтық кезеңге «Қазақстан» телерадиокорпорациясының үш жобасы өтті. Үздік радиожоба номанициясына Қазақ радиосының «Ойтұма» бағдарламасы, Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама ретінде «112 Солтүстік» және Үздік телевизиялық материал аталымына «Қарқынды құрылыс» жобасы ұсынылып отыр.

Жеңімпаздар форумның соңғы күні - 16 қазанда белгілі болады. Марапаттау рәсімі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Бөлісу