Оқушылардың жаппай улануы: Қылмыстық іс қозғалды
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 48 оқушысы астан уланып, ауруханаға түсті.
Оның 36-сы – 14 жасқа дейінгі балалар. Оқушылармен байланыста болған 225 адам медициналық бақылауға алынды, тағы 6 шәкірт интернатта оқшауланған. Астан уланған балалар мектеп интернатында тұрады. Соңғы үш күн ішінде оқушылар жедел ішек инфекциясының белгілерімен балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Барлық науқас дәрігерлердің бақылауында, олардың жағдайы тұрақты.
Ержан Сералин, Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:
Олардың бәрінде жедел ішек инфекциясының клиникасы болды. Барлық балаларға қажетті медициналық шұғыл ем жасалып, қазіргі таңда балалардың жағдайы тұрақты. Және 6 бала сол мектептегі изоляторда бар. Олар да медициналық көмек қабылдап жатыр.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Қазір жаппай уланудың себептері анықталып жатыр. Санитарлық-эпидемиалогиялық бақылау департаментінің қаулысына сәйкес білім ордасы мен асхананың қызметі уақытша тоқтатылып, сабақтар онлайн форматқа ауыстырылған. Сондай-ақ мектеп-интернатының аумағы залалсыздандырылып, мамандар тиісті зертханалық сараптама жұмыстарын жүргізуді бастады.
Алмаш Ахметова, калалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
Ас блогында тергеп-тексеру барысында санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу, сондай-ақ тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған. Зерттханалық зерттеу жүргізу үшін су мен тамақ өнімдерінің сынамалары алынды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы