Екпенің алғашқы дозасы 6500-ге жуық жасөспірімге салынған
Елімізде күн сайын екі әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Дерттің басты себебі – адам папиллома вирусы. Жыл басынан бері Алматыда инфекцияға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 6500-ға жуық оқушы қыз алса, 4600-ден астамы екпенің екінші кезеңінен өткен. Екпені нақты кімдер алып жатыр? Бұл вирус несімен қауіпті?
Жазира Оразқызы, тілші:
Алматыда папиллома вирусына қарсы екпе салу жалғасып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Екі жыл бұрын басталған екпе науқаны бастапқыда 11-13 жастағы қыздарды қамтыса, қазір 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге де салынып жатыр. Ата-аналардың басым бөлігі вакцинаның маңызын түсініп, екпе салуды қолдайтындарын айтады.
Жазира Оразқызы, тілші:
Адам папиллома вирусы – кең таралған вирустардың бірі. Оның 200-ден астам түрі белгілі, олардың кемінде 12-сі аса қауіпті саналады. Мамандардың айтуынша, вирус жатыр мойны мен ауыз-жұтқыншақ қатерлі ісігіне себеп болуы мүмкін. Ал дәрігерлер вакцина алған қыздар арасында ауыр жанама әсер тіркелмегенін айтады.
Перизат Өмірәлі, дәрігер-эпидемиолог:
Әйелдер арасында неге қатерлі ісікке вакцина жоқ дейді? Мен айтар едім, осы адам папиллома вирусына қарсы вакцина тікелей осы обырға қарсы, обырдың алдын алатын бірден-бір профиолактикасы, емі деп айта алар едім. Вакцинаның тиімділігін бүгінгі таңда байқап отырмыз. Оның ешқандай кері әсерін байқап жатқан жоқпыз. Вакцина алған қыздардың жағдайы өте жақсы деп айта аламын.
Жазира Оразқызы, тілші:
Денсаулық сақтау министрлігі алдағы екі жылда адам папиллома вирусына қарсы вакцинаны ұл балаларға да салуды жоспарлап отыр. Себебі бұл инфекция ер балалардың денсаулығына да зиян келтіруі мүмкін. Ал мамандар екпені неғұрлым ерте жаста алса, тиімділігі жоғары болады деп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы