Мектепте гаджетті шектеу ұсынылды
Ұлыбританияның медицина мамандары дабыл қағып жатыр. Олардың пікірінше, үкімет оқушыларға сынып ішінде планшет, ноутбук және басқа да гаджеттерді пайдалануды шектеуі керек. Өйткені мұндай құрылғылар бала денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Тақырыпты Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова жалғастырсын.
Марина Бекенова, тілші:
Бүгінде көптеген мектепте оқушылар тапсырмаларды планшет пен ноутбук арқылы орындайды. Бірақ мамандар бұған қарсы. Олар электрондық құрылғылардың бала денсаулығына әсері толық зерттелмегенін алға тартып, үкіметке ашық хат жолдады.
Хатқа 150-ден астам медицина маманы қол қойған. Олардың арасында педиатрлар, көз дәрігерлері мен логопедтер бар. Мамандардың пікірінше, экран алдында ұзақ отыру баланың көру қабілетіне, сөйлеу дағдысы мен жалпы дамуына зиян келтіруі мүмкін.
Бекки Фолджамб, дәрігер, «Health professionals for safer screens» ұйымының өкілі:
Біз оқушылардың дұрыс тамақтануы мен дене белсенділігіне көп көңіл бөлеміз. Бірақ электрондық құрылғыларға келгенде сақтық мәселесін ұмытып барамыз. Мұндай оқыту тәсілі баланың денсаулығы мен білім алу қажеттілігінен гөрі, мектептердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Бұл мәселе ата-аналарды да толғандырады. Өйткені оқушы мектептен кейін үй тапсырмасын орындау үшін де планшет пен телефонға телміруге мәжбүр. Ал жасөспірімдердің пікірі әрқилы. Бірі электрондық құрылғылар сабақ оқуды жеңілдетеді десе, енді бірі гаджетке деген тәуелділік пайда болғанын растайды.
– Сіңлім құрбыларын үйге шақырады. Бірақ олар бірге ойнамайды, тіпті сөйлеспейді де. Бір бөлмеде отырып, сағаттап экранға үңіледі. Бұл мені қатты алаңдатады.
– Меніңше, көпшілігіміз жасөспірімдік шағымыздан айырылып барамыз. Далада ойнаудың орнына гаджетте көп отырамыз.
Бұған дейін Англия мектептерінде смартфон ұстауға тыйым салынғаны белгілі. Бірақ оқу мақсатында пайдаланылатын планшеттер мен ноутбуктерге шектеу қойылмады. Дегенмен қағаз оқулық пен дәптерге қайта көшкен білім беру мекемелері де бар. Ұстаздарының пікірінше, дәстүрлі оқыту құралдары балалардың зейінін сабаққа көбірек аударуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы