Жамбыл облысында дәрігер тапшы
Жамбыл облысының медицина саласында маман тапшылығы мәселе тудырып тұр. Бүгінде өңірге 100 дәрігер жетіспейді. Салдарынан емханалар зейнет жасындағы ақ халаттылар көмегіне жүгінуге мәжбүр. Дегенмен аймақтағы салалық басқарма былтырға қарағанда биыл маман жетіспеушілігін 5 адамға азайтып отыр. Данияр Әлімқұл тақырыпты жалғайды.
Райхан Айтымбетова Тараздағы №5 емханада жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі. Жасы 67-ге келсе де антына адалдық танытып, күніне 45 адамға қызмет көрсетеді. Осыдан 9 жыл бұрын зейнетке шыққанына қарамастан күнделікті жұмыста. Өйткені өңірде дәрігерлер жетіспейді. Бүгінде аймақта зейнет жасындағы 180 маман бар.
Райхан Айтымбетова, №5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:
Зейнеткерлер осындай кезде жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Себебі өзінің білімін келешектегі жас мамандарға беруіміз керек. Оларды үйретуіміз керек. Себебі институтты бітіріп келген кезде олар мынау емхананың бүкіл жұмысын біле бермейді. Бұйрықтарды біле бермейді. Мынау қазір «ДамуМед» бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз ғой, оның бәрін біледі деп айта алмаймыз.
Жалпы аймақта 3684 дәрігер бар десек, бүгінде тағы 100-і жетіспейді. Атап айтқанда анестезиолог, реаниматолог, радиолог және акушер-гинекологтар тапшы. Сондай-ақ жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен резидентура бітіргендер қажет. Ал тапшылықты азайту үшін соңғы 7 жылда жоғары оқу орындарына 72 грант бөлінген. Биыл алғашқы түлектері жұмысқа орналысып жатыр.
Замира Ахан, жалпы тәжірибелік дәрігер:
Жұмыс қызық. Бірақ енді қызық болғанымен әрбір жұмыстың өзінің қиындығы да бар. Бір күннің ішінде біз 15-20 шақты пациентті қабылдаймын. Оның ішінде оншақтысы профилактикалық жұмыс болатын болса, 5-6 бала келеді, екпе жұмыстарын жүргіземіз. Үйге шақырту барысында біз ана мен балаға, патронаж жасауға, тексеріс ретінде барамыз.
Сондай-ақ 221 грант медицинаны тереңдетіп оқытатын резидентураға бөлінген. Осы бағытта оқыған 50 маман 5 жылдық шарт негізінде жұмысқа тұрған. Жалпы биыл 153 жас маман жұмысқа кіріссе, оларды тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік қолдау төлемдері қарастырылған.
Айсұлу Құттыбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
Қалаға келген мамандарға 800 мың теңге көтерме ақы төленеді. Ауылды жерге барғандарға аса тапшы мамандарға 8 жарым млн, ауылды жерге барған мамандарға 1 млн 200 мың теңге. Бүгінгі таңда біз 8 жарым млн теңгені 5 маманға төледік. Қалғандары 1 миллион 200 және 800 мың теңге көтерме ақыларын алды.
Жалпы биыл жергілікті бюджет есебінен 38 маман әлеуметтік қолдау ретінде бір реттік көтерме ақы алған. Ал тапшы мамандардың жартысынан көбі ауылды жерлерге қажет. Сондықтан оларды пәтермен қамту жергілікті медициналық ұйым тарапынан жолға қойылып келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы