Қызылорда өңірінде тоғанда балық өсіру кәсібі өркендеп келеді
Президент Жолдауында шағын және орта бизнесті қаржыландыру, мемлекеттік қолдауды жеңілдету жайы айтылған еді. Қазір елімізде шағын кәсіпке жан жақты қолдау бар. Мәселен Сыр өңірінде балықты қолдан өсіретін кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бүгінде аймақта 30-ға жуық жасанды көл бар. Шаруалар шағын тоғандарды шабаққа толтырып, балықтың түр-түрін өсіріп жатыр. Өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы Қазалы ауданында болып, ауыл адамдарының тың тіршілігін көріп келді.
Ақылбек бала кезден Арал теңізінен балық аулап, ата кәсіпті нәсіп еткен тәжірибелі балықшы. Былтырдан бастап балықты су айдындарынан аулап қана қоймай жасанды көл қазып, қолдан өсіруді қолға алыпты. Қазір шағын шаруашылығында үш тоған бар.
Ақылбек Баймаханов, кәсіпкер:
22 миллион ақша салдық бұл жерге. Төрт ай жұмыс істеп екі трактор, бір камазбен қазып, балығын салып. Жүз грамнан асқаннан кейін үлкен тоғанға жібереміз. Мынау қыстау, мынау жаздық жайлау ғой. Қыстық мынау терең 4 метр тереңдігі.
Жалпақ ауылының маңындағы жасанды көлдің аумағы 4 гектар. Кәсіпкер әзірге үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Көл басында жұмысшылар күнделікті балықтарға жем шашып бабын жасайды. Бұл кәсіптің де өз бейнеті мен машақаты бар.
Айбек Ибраев, жұмысшы:
Балық өсіру жұмыстары жақсы. Осылай күнделікті жемін береміз. Балықтарды сорттаймыз. Жаңағы суын ашамыз, жабамыз. Судың деңгейін қараймыз.
Тоғанда сазан, мөңке, дөңмаңдай секілді балықтың бірнеше түрі бар. Яғни нарықта үлкен сұранысқа ие қылтанақтылар.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Былтыр күзде салмағы небәрі 100 гр жетпейтін шабақтар бір жылдың ішінде бір келіге дейін жетіп жасанды көлде қазір осындай балықтың 80 мың данасы өсіріліп жатыр.
Жалпы бұл кәсіпте көл-көсір табысқа жету үшін біршама уақыт қажет дейді мамандар. Себебі жасанды көлде балықтар тек жылы кезеңде өсіп, жылына шамамен 700 грамға дейін салмақ қосады. Дегенмен, қолдан балық өсіру ісін жолға қойып, бүгінде табысты кәсіпке айналдырған кәсіпкерлер аймақта көбейіп келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы