Министр әлеуметтік жәрдемақы берудің тәртібін түсіндірді
Мемлекеттен берілетін 36 түрлі жәрдемақының 14-не мұқтаждық талабы енгізіледі. Яғни, төлем С, Д, Е категориясындағы отбасыларға ғана беріледі. Әл-ауқат қалай есептеледі, жәрдемақы кімдерге төленбейді? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі халықты алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Самал Қабышева жіліктеп түсіндіреді.
Самал Қабышева, тілші:
А,В,С, Д, Е. Мемлекеттен жәрдемақы алатындарды Үкімет осындай 5 санатқа бөлген. А және В санатындағы отбасыларға 14 түрлі жәрдемақы тағайындалмайды. Бұл санатқа бір адамға шаққанда айлық кірісі 356 мың теңгеден жоғары, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйі, жылжымайтын мүлкі, ірі бизнес, люкс санатындағы автокөліктері бар отбасылар кіреді. Яғни, «А санатына Forbes тізіміне енген ірі бизнес иелері, елеулі мүлкі мен ауыл шаруашылығы активтері бар ауқаттылар жатады» деп түсіндірді министр. Ал В санаттағы отбасылардың бір адамға шаққандағы табысы 305-356 мың теңгеге дейінгі аралықта болуы керек, бірнеше жылжымайтын мүліктің, премиум санаттағы автомобильдің, орта бизнестің және коммерциялық көліктің иесі болуы тиіс. Техникасы, жер учаскелері мен мал басы ескеріледі.
Самал Қабышева, тілші:
Яғни, 36 түрлі жәрдемақының 14 түріне мұқтаждық талабы енгізіледі. Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге, асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақы, жерлеуге берілетін төлемдер және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар аталған төлемдерді алу құқығынан айырылмайды. Оларға төлем жүргізіле береді.
Самал Қабышева, тілші:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл реформа бюджеттегі қаражатты үнемдеу үшін қолға алынбағанын жеткізді.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Бұл бюджетке байланысы жоқ зат. Мұқтаж азаматтарымызға арналған. Сол азаматтарымызға бағыттау жағынан енгізілген. Бұл жерде әр мұқтаж азаматтарымызды мемлекеттік қолдау көрсетіп, оларға уақытында толық көмек көрсетуге арналған.
Самал Қабышева, тілші:
Ал С санаты – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық отбасылар. Бір адамға шаққандағы табысы 203-305 мың теңгеге дейін. Баспанасы, көлігі, шағын бизнесі бар. Оларға 14 төлем бойынша шектеулер жоқ. D және Е санаттағы отбасыларға да барлық төлем түрлері сақталады. Отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан, жекелеген әлеуметтік кепілдіктер де беріледі. Олардың қатарында мүгедектігі бар балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, жетімдерге, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы алатын, көпбалалы аналарға арналған наградалармен марапатталғандарға берілетін жәрдемақылар ешқандай санатқа қарамастан тоқтатылмайды. Бұл өзгерістер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы