Басты Жаңалықтар Қазақы тазылардың аңшылық қасиеттері сыналды

Қазақы тазылардың аңшылық қасиеттері сыналды

Қарағанды облысы Осакаров ауданында «Қазақы тазы» тұқымының аңшылық қасиеттері сыналып, талапқа сай бағаланды. Ерекше сайысқа асыл тұқымды 24 тазы қатысқан. Аңшылық маусым бастала сала аң іліп, тазы жүгірткен саятшылармен Жандос Бақытұлы тілдесіп қайтты.

-         Шашақ құлақ дейміз. Ұшы езуге жетуі керек. Төсі алшынқы болуы керек.

Асыл тұқымды ит төресінің бітімі бұл ғана емес. Қазақы тазының кеудесі кең, жауырыны жалпақ, қарны қабысқан, салқы төс келеді. Ал аңшылыққа келгенде қимылы ширақ, иіс сезгіш, желе жортып, жүгірсе жебедей атылады. Бұл қасиеттердің бәрі бір бойынан табылған 24 тазы бүгін сынға түсті. Арасында 3 қар басқан Көкқұс та бар.

Рамазан Салықұлы, саятшы:

Әкелген еңбегіме қарай, жүгіріп берді. Бір қоян көтерілді. Барлығынан озып алдыға шықты. Әкем де, нағашы әкем де, өмір бойы тазы ұстаған. Босағамыздан тазы арылмаған. Қан жібермейді.

Ақсақал алты жасынан тазы ертіп, ата жолын жалғап келеді. Айтуынша, сенімді серігі бүгін үмітті ақтады. Қатысушылар, Қазақстан кинологтар одағының дайындаған тапсырмаларын орындап, асыл тұқымды тазының аңға шыққандағы алғыр қасиеттері бағаланды. Бүгінде елімізде ресми тіркелген 4 мыңнан аса ит төресі бар.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:

Ауылдық жерлерде тіркелмеген тазыларымыз жеткілікті. Осы мақсатта қазір ауылдарға шығып, тазыларды белгіленген стандарттарға сәйкестігі бойынша тексеріп жатырмыз. Сондай-ақ оларға тиісті құжаттар рәсімдеп, есепке аламыз. Қазіргі уақытта тіркелген тазылардың саны артып келеді.

Мұндай сынақтар қазақы тазының генетикалық ерекшеліктерін сақтауға, тұқымның аңшылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан сынақтар жиі ұйымдастырылып, арнайы қорытынды жасалмақ.

Бөлісу