Басты Жаңалықтар Сыр өңірінде тағы 63 нысан салынып жатыр

Сыр өңірінде тағы 63 нысан салынып жатыр

Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс. Президент Жолдауында «барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет» деп міндеттеді. Мәселен бұл бағытта Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар биыл да айқын көрініс тауып отыр. Аймақтағы тілшіміз Әділбек Серікұлы бірқатар нысанның құрылысын көріп келді. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қарқынды құрылыстың өлшемі нысандардың санымен емес, нақты халыққа тигізетін пайдасымен өлшенуі тиіс. Қаланың шет аумағынан бой көтеріп жатқан зәулім емхана Титов қыстағындағы 40 мыңға жуық адамның сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.

Төрт қабаттан тұратын ғимараттың құрылысы қазір 70 пайызға аяқталып, қасбеті мен ішкі жұмыстары қызу жүріп жатыр. Денсаулық үйі пайдалануға берілген кезде бір мезетте 400 келушіге қызмет көрсетеді. Ең бастысы, осы аумақтағы тұрғындар ескі емханада болмаған медициналық қондырғыларға қол жеткізеді.     

Бауыржан Қуанышбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын болады. КТ, мамография, флюрография аппараттары, эксперт кластағы УЗИ аппараттары. Сонымен қатар бұл жерде барлық тар буынды мамандар болады.

Мұнан бөлек шаһарда 200 орындық ана мен бала орталығы, көпбейінді қалалық аурухана және Сырдың сол жағалауында тағы бір емхана құрылысы қатар жүріп жатыр. Ал өңір спортына тың серпін беретін әмбебап «Қызылорда арена» спорт кешені жыл соңында ел игілігіне беріледі. Жалпы аймақтың құрылыс динамикасы өте қарқынды. 

Айдын Әнуар, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

Биыл біздің басқарма тарапынан 201 млрд. 63 нысан жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласы, мәдениет, инженерлік-инфрақұырылым бойынша 43 жобамыз жүзеге асып жатыр қазіргі таңда.

Мемлекет басшысының байыпты бастамалары өңірлердің жан-жақты дамуына, халықтың тұрмысын жақсартып, жайлы ортада өмір сүруіне оң ықпалын тигізіп келеді. Президент өз Жолдауында осы стратегиялық ұстанымын жалғастыратынын жеткізді. Және биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде еліміздегі әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыруды Үкіметке жүктеді.

Бөлісу