Нөсер жауын Түркістан облысын әбігерге салды
Түркістан облысының Бәйдібек ауданында ауыл тұрғындары қызыл судан зардап шекті. Тұрақты елдімекенінің іргесіндегі арық толассыз жауған жаңбыр суына толып, көшелерді су басты. Қызыл су үйдің аулаларына жайылып, қоралар суға толды. Бастапқыда өз күштерімен сумен күрескен ауыл тұрғындарына төтенше жағдай мен әкімдік қызметкерлері көмекке келді. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
- Міне, су мынандай болып жатыр. Әділбек тәтенің үйінен асып, ауылға қарай ағып жатыр.
- Үйдің асханасы, қора бәрі суға толды.
Тұрақты ауылының тұрғындарын әбігерге салған тасқын су Тұтарық каналынан тасыған. Арнасынан асқан су орталық көшемен ағып, жол бойындағы үйлердің ауласына кірген. Жүргілікті тұрғындардың бірі Гүлнәз Делданова ауласын су басып қалғанын айтады.
Гүлнәз Делданова, Тұрақты ауылының тұрғыны:
Кеше 12-ден өте су келді каналға сыймай. Біз үйден шыға алмай қалдық. Үйде кішкентай балдарым бар. Малдарымызды әрең дегенде алып шықтық сарайдан.
Төтеннен келген тасқыннан абдырап қалған тұрғындар алдымен өз беттерімен күрескен. Кейіннен төтенше жағдай қызметкерлерін шақыртқан. Абырой болғанда адамдар аман. Мал шығыны да жоқ. Тек үйіміздің қабырғасы құлап қалмаса деп қорқады.
Жандос Шонықбаев, Тұрақты ауылының тұрғыны:
Кешке дейін су кіріп, ауылдың тең жартысын, 30-ға жуық үйді су алып кетті. Үйдің ауласы бар. Үйге кірді. Қоражайға кіріп кетті. Сөйтіп адамдардың барлығы жабылып, малына жәрдемдесіп, үйіндегі суды шығарысып, бір 20 үйдің суын қолмен шығарған кездер болды, мысалыға.
Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ауылға құтқару қызметі жетті. Арнайы техникалармен су сору, аулалар мен қораларды тазалау жұмыстары жүргізілді.
Данияр Патсаев, Ақбастау ауылдық округінің әкімі:
Төтенше жағдайлар бөлімінен ауылдық округ әкімдіктерінен жалпы 40 қызметкер келіп, арнайы техникамен және 15 мотопомпамен ауласына су кірген үйлерде құтқару жұмыстары жүргізілген болатын. Түнгі уақытқа дейін жұмыстар жүргізілген болатын.
Нөсер жауыннан Шымкент тұрғындары да біршама әбігерге түсті. Қала көшелерін су басып, көлік қозғалысына қиындық туғызған. Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді. 214 адам мен 71 дана арнайы техникамен көшелерді тазалау және су сору жұмыстарын жүргізді. Бүгін ауа райы бұлтты болғанымен, жаңбыр тоқтаған. Соған қарамастан салаға жауаптылар тұрғындардан келіп түскен өтініштерге жедел әрекет етіп, су алған аумақтарды ретке келтіріп жатыр. Шығын көлемі анықталуда.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы