Басты Жаңалықтар Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде қандай мәселелер талқыға түсті?

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде қандай мәселелер талқыға түсті?

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы стратегиясын қабылдады. Осылайша елдер экстремизмге қарсы бірлескен іс-әрекеттерді күшейтпек. Мәскеуде құрылымның жиыны өтіп, әскери әріптестік пен халықаралық ахуал талқыға түсті. Басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Жиында бұдан бөлек аймақ қауіпсіздігіне қатысты қандай мәселелер талқыға түсті? 

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Кремль сарайына бүгін бес елдің басшылары жиналды. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Тәжікстан.  Ал Армения кезекті мәрте ұйымның басқосуынан шет қалып отыр. Биыл құрылымға Мәскеу төрағалық етті. Сондықтан жиында атқарылған  жұмыстар қорытындыланып, сараланды. Владимир Путин  өз резиденциясында одақтас елдердің президенттерін қарсы алып, президенттер ортақ суретке түсті. Талқыға түскен мәселелелер де ауқымды. Әскери ынтымақтастықтан бастап биологиялық қауіпсіздікке дейін қамтылған. Президенттер әуелі шағын құрамда кеңес құрды. Халықаралық жағдай жөнінде пікір алмасып, кейін кеңейтілген отырысқа қатысты. Ресей астанасында бүгін күн райы күңгірттеніп, аспанды сұр бұлт торлап тұр. Жер жаһандағы халықаралық шиеленістердің де шешімі табылмай, дәл осылай бұлыңғыр болып барады. Осындай сәтте ұжымдасып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деп шартқа қол қойған елдер басқосуының да мәні мен маңызы өзгеше. Жиынның күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылды. Оның ішінде қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлеріне  қарсы қимыл саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздейтін келісімдер бар. Ең сүбелісі - ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы. Ол биыл ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі қорытындылары мен өзара іс-қимылдың болашақ басымдықтарына арналған. Тағы бір маңызды келісім - 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы арнайы стратегия. Тараптар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін экстремизмге қарсы жұмысты күшейтіп, ортақ жұмысты үйлестіруге ниетті. Құжатта терроризмге қарсы күреске әр елдің әскерімен бірге арнаулы қызметтері мен құқық қорғау органдарын да жұмылдыру жұмыстары пысықталмақ. Сонымен қатар әскери салада ұжымдық авиациялық күштерді дамыту мәселесі көтерілді. Яғни әуе шабуылына қарсы қорғаныстың мобильді бөлімшелерін қалыптастыру тәртібі де кеңес қарауына шығарылды. Мұндай бөлімшелерді жасақтау, олардың бірлескен жұмысын ұйымдастыру алдын ала келісілген тәртіпті қажет етеді. Ұсынылған шешімдер осы мәселелерді реттеуге бағытталған. Қазақстан үшін ұжымдық қауіпсіздік аясындағы байланыстың бірнеше маңызды бағыты бар. Әскери кадрларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығулар, терроризм мен есірткі тасымалына қарсы күрес. Еліміз бұл ынтымақтастықты ұлттық қауіпсіздік мүддесіне сай дамытуға ниетті. Әсіресе, Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтау мәселесінде көрші мемлекеттердің бірлескен әрекеті маңызды.

Мәскеудегі мәміле қорытындысы бойынша он шақты құжатқа қол қою жоспарланған. Тараптар ортақ қауіпсіздік бойынша бірігіп іс қылуды көздеп отыр. Ал келер жылы ұйымға Тәжікстан төрағалық етеді. Маңызды мәселелердің шешімін тауып, тараптарды табыстыру жұмысын енді Душанбе үйлестірмек.

Бөлісу