Елдегі байланыс жүйесі жаңарады
Бүгін Үкімет отырысында телекоммуникация саласын дамыту мәселесі қаралады. Күн тәртібіне елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мәселесі шығарылған. Бұл туралы толығырақ бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұрған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестен сұрап білсек. Нұрсұлтан, ауылдардағы байланыс сапасын жақсарту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Биыл тағы қанша елді мекенге интернет жетеді?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Үкімет отырысы қазір ғана басталды. Жиында интернет инфрақұрылымын жаңғырту, ауылдарды жоғары жылдамдықты желімен қамту және байланыс сапасын жақсарту мәселелері талқыланады. Қолдағы мәліметтер бойынша қазір еліміздегі 6 мыңнан астам ауылдың 2600-ден астамына талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткізілген. Ал жыл соңына дейін тағы 3 мың ауылды интернетке қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ келер жылға қарай елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамту көзделген. Бұдан бөлек, қолданыстағы KazSat-3 спутнигінің орнын басатын KazSat-3R аппаратын жасауға Үкімет резервінен 10,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңа спутник шалғай ауылдарды байланыспен қамтуға, интернет пен телерадио хабар тарату жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Байланыс қызметтерінің сапасы мен тарифтерге қатысты тұтынушылардың шағымдары да қаралады деген үміт бар. Өйткені былтыр 2 500-ден астам өтініш пен шағым тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп.
Бүгінгі жиында осы мәселелермен қатар, телекоммуникация нарығындағы бәсекелестік пен операторлардың инвестициялық міндеттемелері де талқылануы мүмкін. Отырысқа жауапты министр мен ірі байланыс операторларының басшылары қатысады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы