Ұялы байланыс тарифтері қымбаттайды
Келер жылдан бастап мобильді байланыс тарифтері тағы 10-15 пайызға қымбаттайды. Бірақ сапа жақсара ма? Бүгін Үкіметте елдегі телекоммуникация саласын дамыту жайы қаралды. Жиынға тиісті министрлік пен елдегі ірі байланыс операторларының басшылары қатысып, елдің көкейінде жүрген біраз сұраққа жауап берді. Бұл туралы толығырақ тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестен сұрап білсек.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Соңғы 6 жылда мобильді байланыс тарифтері 60 пайызға дейін қымбаттаған. Сапа ше? Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің айтуынша, сапаға қатысты ереже бұзғандар анықталып, байланыс операторларына 7 млрд теңге айыппұл салынған. Яғни, азаматтар төлеген ақшасына сай қызмет ала алмаған.
Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
2023 жылдан бері байланыс операторларына интернет сапасына қатысты 7 млрд теңге айыппұл салынды. Біз байланыс сапасын өлшеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отырамыз. Әлі де олқылықтар бар. Егер берілген мерзімде кемшіліктерді түзетпесе, операторлардың нарықтағы орнына қарамастан айыппұл саламыз.
Айыппұл салу мәселені шешуге септесе ме деген заңды сұрақ туындайды. Келер жылдың қаңтар айынан бастап мобильді операторлар тариф құнын қайта қарауды жоспарлап отыр. Мәселен, Beeline тарифтерді 10%-ға, Kcell 12%-ға, ал «Мобайл Телеком-Сервис», яғни құрамына Tele2 кіретін компания тарифтерін 15%-ға дейін өсіруді көздеп отыр. Сапасына сын көп айтылатын интернет не себепті қымбаттауы керек?
Джаббор Каюмов, «Қар-Тел» ЖШС бас атқарушы директоры:
Телекоммуникация саласы көп капиталды қажет етеді. Операторлардың соңғы жылдардағы шығындары табысының орта есеппен 20%-ына жетеді. Желіні дамыту үшін жабдықтарды шамамен әр бес жыл сайын жаңартып отыру қажет.
Нұрсұлтан, интернет сапасы нашар, тіпті байланыссыз отырған шалғай ауылдар көп. Солардың жайы не болады?
Ауылдардың 92 пайызы интернетке қосылады
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұл мәселе де Үкімет назарынан тыс қалмады. Шалғай ауылда терезе алдында байланыс іздеп, телефонға телмірген ағайын енді оптикалық желімен қамтылады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанда келесі жылы ауылдардың 92 пайызы интернетке қосылады. Қазір еліміздегі 6060 елді мекеннің тек 61 пайызына ғана оптикалық желі тартылған. Жиында айтылған тағы бір маңызды жаңалық автомобиль жолдарында да тұрақты мобильді байланыс пайда болады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл мәселе байланыстың сапасымен қатар қауіпсіздікке де тікелей қатысты. Жасанды интеллект министрлігі әкімдіктермен және операторлармен бірлесіп, бір ай мерзімде байланыс сапасы нашар аумақтардың кемшіліктерін қайта қарап, кемшіліктерді жоюдың нақты мерзімдерін белгілесін.
Қазақстан 3G-ден толық бас тартады
Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді интернетінен толық бас тартпақ. Оның орнына 4 және 5G желілері кеңейтіледі. Қорыта айтқанда, тариф өседі, желі жаңарады, интернет жылдамдайды деген жоспар бар. Бастысы айтылған уәж қағаз жүзінде қалмай, тиімді іске асса болғаны. Өйткені халыққа уәде емес, сапалы байланыс қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы