Басты Жаңалықтар Жалаңтөс баһадүр – түркі халықтарының ортақ тұлғасы

Жалаңтөс баһадүр – түркі халықтарының ортақ тұлғасы

«Жалаңтөс батыр – түркі халықтарының ортақ тұлғасы». Бүгін осындай тақырыпта Таразда тұлғаның туғанына 450 жыл толуына орай ғылыми-практикалық конференция өтті. Келелі жиынға келгендер қатарында қазақ, өзбек пен қырғыз тарихшылары бар. Олар Жалаңтөсті түркі жұртының ортақ перзенті деп, оның ерлігі мен еңбегін кеңінен насихаттау керектігін айтты.

Осыдан 5 ғасырға жуық уақыт бұрын жапан даламызда Жалаңтөс батырдың есімі ерекше аталды. Ол 1576 жылы Сырдарияның сағасында, Сейітқұлдың шаңырағында дүниеге келді. Бағдатта білім алды,  Ыстамбұлда ысылды. Әмір Темірден кейін Самарқанды түлеткен тарихи тұлға. Шаң басқан шаһарға 100-ге жуық ғимарат салдырған. Сондықтан ғылыми конференцияда Жалаңтөстің қолбасшы ғана емес, қолы шебер құрылысшы болғаны да айтылды.

Нажмадин Мұсабаев, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті:

Самарқанды 40 жыл басқарғанда «Тіллә Қари», «Шердор» медресесін салып, Регистан алаңының толық ансамбілін бітірген адам. Сол екі медресенің салудың өзіне 30 жыл уақыты кеткен Жалаңтөстің. Кеңес өкіметіне дейін сол медресенің басында жазулы тұрған «Бұл құрылысты салғызған Алшын Жалаңтөс» деп. Оны өзбек ағайындар кейін алып тастады. Түркі тілдес халыққа ортақ тұлға ол.

Қазақ даласына жоңғарлар жорық жасағанда Жалаңтөс көмекке келді.  Ол Орбұлақ шайқасы еді. Салқам Жәңгір небәрі 600 сарбазымен 50 мың қолға қарсы тұрған кез. Сол сәтте 20 мың әскерімен жеткен Жалаңтөстің арқасында ақтық айқаста жеңіске жеттік.

Асқар Әбдуәлі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Маған ерекше қызығы – Жәңгір Салқам мен Жалаңтөс баһадүрдің Орбұлақ шайқасынан кейінгі уақыттағы жоңғарларға қарсы болған Талас өзені бойындағы бірнеше шайқастары туралы. Талас өзені бойындағы ол шайқастар туралы әзірге зерттеліп, толық көрсетілген жағдайлар жоқ. Сондықтан тарихшылар, әсіресе жас ғалымдар осы мәселеге үлкен көңіл аудару керек қой деп ойлаймын.

Конференция барысында Азияның ақырғы жолбарысы атанған Жалаңтөс жайлы «Ұлы баба ізімен» деп аталатын деректі фильмнің тұсауы кесілді. Жалпы, батырдың 450 жылдығына орай өтетін шаралар еліміздің барлық өңірінде жалғасады.

Бөлісу